«Бизнеске арналған үкімет» инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етуде

Қаламызда «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Бұл орталық қаладағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етіп отыр. Нақты айтар болсақ, «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» орталығы 33 мыңға жуық кәсіпкерге қолдау көрсетіпті. Соның ішінде жыл басынан бері 4,6 мыңнан астам кәсіпкерді бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейін сүйемелдеп, көмектесіп отырған. Осындай жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Шымкент қаласы 2021 жылдан бері қарай инвестиция көлемінің арту динамикасы бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Инвестиция көлемінің артуы, сөз жоқ, шаһардың экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруына жол ашады. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 2,1 трлн. теңгеден 3,1 трлн. теңгеге дейін өсті. Соның ішінде өнеркәсіп өнімі 90 пайызға артып, 492,3 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.
Әрине, осы орайда осыншама өнім қай жерде өндіріліп жатыр деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Қаланың өндірістік қуаты негізінен жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаңда шоғырланған. Онда 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін және жалпы құны 350 млрд. теңгені құрайтын 335 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде бұл жобалардың көпшілігі іске асырылып, нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға айналған.