Бизнес субъектілерін субсидиялау мен кредиттеу кезінде анықталған заң бұзушылықтар

Қала прокуратурасы «Даму» Кəсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы филиалында жүргізген тексерумен бизнес субъектілерін субсидиялау мен кредиттеу кезінде жол берілген бірқатар бұзушылықтарды анықтады.
Мәселен, жалған сертификатты тапсыру арқылы 46 млн. теңге мемлекеттік грант қаражатын негізсіз алудың 10 фактісі анықталды.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидасының 4-тармағына сәйкес (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1060 қаулысымен бекітілген) мемлекеттік грантты алуға арналған конкурсқа қатысу үшін Бағдарлама шеңберінде оқыту құрамдауыштары сертификатының болуы міндетті талап болып табылады.
«E» есімді жеке кәсіпкер өзінің бизнес жобасы бойынша 5 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант алуға тапсырған өтініміне тіркеген сертификаты қолдан жасалғаны белгілі болды («Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «E» атты жеке кәсіпкерге «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша сертификат бермегенін мәлімдеді).
Демек, «E» есімді жеке кәсіпкердің сертификаты қолдан жасалған, оны пайдалану арқылы конкурсқа қатысқан, салдары мемлекетке 5 млн. теңге залал келтірген.
Бұл ретте «E» есімді жеке кәсіпкердің іс-әрекетінен көрінеу жалған сертификатты пайдалану арқылы 5 млн. теңге бюджет қаржысын жымқыру белгілері байқалды.
Ұқсас бұзушылыққа 9 жеке кәсіпкер жол бере отырып, 41 млн. теңгені заңсыз иемденген.
Аталған фактілер бойынша қала прокуратурасы қылмыстық-процестік кодекс шеңберінде процестік шешім қабылдайтын болады.

Шымкент қаласының прокуратурасы