«Жұлдыздар, өнерлі ұл-қыздар» атты концерт өтті

Бүгін Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен «Балалар жылы-2022» ашылу салтанатына арналған «Жұлдыздар, өнерлі ұл-қыздар» атты концерті өтті.Айтулы шараға аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет, ұстаздар мен зиялы қауым өкілдері, балғын балалар мен БАҚ өкілдері қатысты.Шара барысында аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында үстіміздегі жылдың 19 қаңтар балалар жылы болып белгіленгенін айтып, балақайларды мерейлі жылымен құттықтады.Шара барысында аудан әкімі Нариман Мақұлбеков, данышпан Абай атамыз «Адамның бір қызығы бала деген» десе, баланы әркез отбасының ұйытқысына, ұрпақ жалғастығына санаған халқымыз «Ана – үйдің берекесі, бала – үйдің мерекесі» деп бағалаған. Ата – ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу.Біз қай заманда да білімге құштар, жақсылыққа ұмтылған халық ұрпағымыз. Балаларымызға сапалы білім бере отырып, өз Отанын жүрегімен сүйіп, қастерлей білетін азамат ретінде тәрбиелеу-келешегіміздің кемел болуының айғағы.Бүгінде ел бірлігі мен берекесінің нәтижесінде ауданымыздың демографиясы артып келеді. Ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы. Өткен жылы ауданымыз бойынша 2420 нәресте дүниеге келіп, әрбір шаңыраққа қуаныш сыйлады. Ауданымыздағы мектепке дейінгі 103 ұйымда 5694 бала тәрбиеленіп, білім беру ұйымдарында 18833 оқушы сапалы білім мен саналы тәрбие алуда.Әлеуметтік қамтылған отбасы балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша мектеп формасы және балаларымызға қажетті мектеп құралдары және кітаптармен қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар жүргізілуде. Талабы мен таланты бар балаларымыздың өнерін шыңдау үшін мәдениет саласында — 134 үйірмелер жұмыс жасап, қатысушы балалар саны жыл санап артып келеді, – деді.Адам өміріндегі ең үлкен бақыт — ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі тұлымшағы желбіреп, гүлдей жайнаған бүлдіршіндеріміз еліміздің ертеңгі бірден-бір тірегі, ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жердің иесі.Шара соңында аудан басшысы Нариман Мақұлбеков әрбір отбасында балалар саны артып, еліміздің тұғырын биік ұстайтын бүлдіршіндеріміз өсе берсін, деген жылы лебізін білдірді.

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі