Келелі кеңес отырысы өтті

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 27-і күні Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ​Т.Рысқұлов аудан әкімі орынбасары жанындағы кеңес отырысы өтті.

Кеңес аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевтың төрағалығымен және аудан прокуратурасының аға прокуроры Нұрлыбек Абдешов пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Олжас Омарбековтың қатысуымен өтті.

Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.

Күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша Т.Рысқұлов ауданының білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен зорлық – зомбылықтың, өз – өзіне қол жұмсаудың, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстары туралы аудандық білім бөлімінің бас маманы Базаркулова Анар Иманбайқызы баяндама жасады.

Аудандағы 38 күндізгі жалпы білім беретін мектепте (оның  ішінде: 8-бастауыш, 28-орта мектептер, 2-негізгі мектептері) 14944 бала оқыса, олардың тәрбиесімен 1021 жауапты педагогтар айналысады.

Оның 30-ы тәрбие ісі жөніндегі және 12-і құқықтық тәрбие жөніндегі мектеп директорларының орынбасарлары, 49 психолог, 36 әлеуметтік педагогтар, 37 тәлімгерлер және 859 сынып жетекшілері және де аудандағы 38 мектептің 14944 балаға 5 аумақтық полиция инспекторлары бекітілген.

2021 жылдың 8 айында аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, бекітілген кестеге сәйкес әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі, сенбі күндері түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтау мақсатында рейдттер жүргізілді.

Білім бөлімі тарапынан педагогтерге балалардың отбасында қатыгездікке ұшырауы, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша «Зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған орай әрекет ету», «Балалар мен жасөспірімдер арасында девиантты мінез-құлықтың алдын алу шаралары», «Қиын» балалармен жұмыс жүргізу нұсқаулығы», Әртүрлі санаттағы балалармен жұмыс жүргізу алгоритмі» тақырыбында нұсқаулықтар таратылса, психологиялық көмек көрсету қызметтері және оқушыларға қысым көрсететін жағдайлар, мұғалім мен оқушы, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік жағдайды, сонымен қатар оқушыларды мазалап жүрген мәселелеріне жауап беру мақсатында мектептерде «Сенім жәшігі» және Республикалық бала құқықтарын қорғау «111 сенім телефоны» ақпараттық жадынамалары мектеп фоелеріне қойылған.

Білім беру ұйымдарында жыл сайын «Қауіпсіз мектеп», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Бала құқығы – адам құқығы», «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн», «Түнгі ауылдағы балалар», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Мектепке жол» республикалық акциялары тұрақты ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар, кәмелет жасқа толмаған мектеп оқушыларының өмір қауіпсіздігін сақтау, темір жол бойында қауіпсіздік шараларын түсіндіру   мақсатында «Темір жол – жоғары қауіпсіздік аймағы» тақырыбында Т.Рысқұлов мектеп-лицейі, Т.Әубәкіров атындағы орта мектебі, М.Горький атындағы орта мектебінде және Ақыртөбе орта мектептерінде профилактикалық сынып сағаттары ұйымдастырылып, іс-шараға 1334 оқушы қамтылған.

Мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық әрекеттердің алдын алу және мектеп ауласына бөтен адам кіруінің алдын алу мақсатында білім бөліміне қарасты 38 мектепке 360 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Олардың 194-і мектеп сыртына, 146-ы мектеп ішіне орналастырылған. Ағымдағы жылы аудан орталығы Құлан ауылында орналасқан Ә.Бөкейханов, Ш.Уәлиханов, Ю.Гагарин мектептері және Құлан мектеп-гимназиясы мен №1 мектеп-лицейіне турникет орнату жоспарлануда.

Сондай-ақ, жоғарыда көтерілген мәселелер туралы аудандық білім бөлімінің психолог-әдіскері Ускенбаева Гүлзира Әбдуаліқызы, Б.Момышұлы мектебінің психологы Башанова Лаура Сұлтанқызы есеп берді.

Сонымен қатар, Құлан агротехникалық жоғары колледжі бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша директордың уақытша міндетін атқарушы Мұсақұлов Олжас Нұрланұлы аталған білім ошағында атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстар барысына тоқталып өтті.

Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша «Жомарт түлек» жобасының орындалу барысы жөнінде аудандық білім бөлімінің бас маманы Базаркулова Анар Иманбайқызы баяндама жасады.

Және де күн тәртібінің соңғы қаралған мәселесі — білім мекемелерінің қысқы маусымға дайындығы жөнінде аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Самылтыров Бауыржан Қуанышбекұлы кеңінен тоқталып өтті.

Кеңес отырысында білім беру ұйымдарына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Өткен оқу жылында және жалпы бүгінгі уақытта жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттер,  балалардың өміріне қауіп төндіретін оқиғалардың алдын алу мақсатында алдағы орындалатын міндеттер мен бірлескен іс-әрекеттер айқындалды.

Аталған жиын барлық мектеп директорларының, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелерінің, учаскелік полиция инспекторларының және ауылдық округ әкімдері мен мамандардың қатысуымен өтті.

Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, мектеп директорларына және мектеп инспекторларына, тиісті мемлекеттік мекемелерге хаттамалық тапсырмалар берілді.  Оның ішінде, аудандағы білім беру ұйымдарында баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған Жол картасын орындаудың іс-шаралар жоспарының орындалуы, Кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтарына және қоғамға жат іс- әрекеттеріне ықпал ететеін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған шаралар өткізілуі, білім беру ұйымдарында буллингпен күрес жүргізу, аудан түлектерін игі істерге тарту және танымал түлектермен кездесу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.

Аудан әкімінің орынбасары Ә.Терлікбаев жасөспірімдермен жұмыс жүргізетін мамандардың жауапкершілігін арттырып, ол мамандардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқаруын тапсырды. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дұрыс қалыптасуы әрбір саналы азаматтың борышы екендігін еске салды.

Барлық тапсырмалар мен ұсыныс-пікірлер комиссия хатшылығының бақылауына алынды.

Мөлдір Тастанбек Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы