Мас халде бола тұра көлік басқарып, полицейлерден жасырынбақшы болған 41 жастағы ер азамат анықталды

Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданының учаскелік полиция инспекторлары күнделікті қызмет атқару барысында күндізгі уақытта аудан көшелерінің бірінен жүрісі күдікті әрі қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқан «Mazda 626» маркалы автокөлік жүргізушісін байқады. Тәртіп сақшылары көліктің соңынан жүріп, оған тоқтау қажеттігін хабарлады.

Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларынан жалтармақшы болып автотұраққа кіріп, есігін іштен құлттап алады.

Сол аралықта көліктің арғы бетінен екінші учаскелік полицей келіп есікті ашып үлгереді. Тексеру кезінде жүгенсіз жүргізушінің спирттік ішімдік ішіп алғаны қатты байқалды. Медициналық сараптаманың қорытындысы 41 жастағы ер азаматтың ауыр дәрежелі мас халде болғанын растады.

Осыдан соң масаң күйде көлік жүргізген ер адамға қатысты іс-құжаттар жинақталып, сотқа жолданды. Әкімшілік сот жүргізушіні 15 тәулікке қамауға алып, ӘҚБтК 608-бабының 1-бөлігімен 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі