Мәулен Әшімбаев қызылордалықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президенттің тапсырмасы бойынша Қызылорда облысына барып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

Ол өткен жылдар ішінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және ықпалды мүшесіне айналғанын атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімдерінің арқасында еліміз астанасы — Нұр-Сұлтан қаласында мүлдем жаңа қала салынды. Елорданы тұрғызу еліміздің барлық экономикасы мен өңірлердің дамуына мультипликативтік әсер етті. Осы жылдар ішінде Қызылорда облысы қарқынды дамып, қазір маңызды индустриялық және аграрлық өңірге айналды, деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. Сенат Төрағасы Арал теңізінің мәселесін шешу мәселесіне де назар аударды.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Арал проблемасына үлкен мән беріле бастады. Елбасының ұсынысы бойынша «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» ауқымды жобасы қолға алынды. Осының арқасында Солтүстік Аралдағы су деңгейін көтеріп, көптеген биологиялық түрлерін қалпына келтіруге мүмкіндік туды», — деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалардың жаңа кезеңі басталды, деп атап өтті Сенат спикері. Ол сондай-ақ, Мемлекет басшысының өңірлерді дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Биылғы жылдың қазан айында 10 ұлттық жоба бекітілді. Олардың қатарында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» арнайы жобасы бар.

«Бес жыл ішінде Өңірлерді дамыту бойынша ұлттық жобаны іске асыруға айтарлықтай қаржы бөлінеді. Елдің «ішкі байланысын» күшейту міндеті қойылып отыр. Ішкі көлік желісін дамыту үшін республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар салынады және реконструкцияланады. Бұл Қызылорда облысының көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз», — деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Салтанатты іс-шара барысында Сенат Төрағасы ел Президентінің атынан ел мен өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан қызылордалықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Сондай-ақ, Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында Мәулен Әшімбаев Қызылорда қаласында табақша шыны өндіру және өңдеу зауытын іске қосу рәсіміне қатысты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында іске қосылған бұл кәсіпорынның өңір үшін маңызы зор және аймақ экономикасына оң әсер етуі тиіс.

«Шыны өндірісінде жергілікті шикізаттың 90% -ы пайдаланылады. Шыны құнының 80% құрайтын негізгі компонент — кальцийленген сода. Сондықтан кәсіпорынның басты жеткізушісі Арал қаласында салынатын сода зауыты болады. Шыны зауыты толық қуаттылыққа шыққан кезде 226 жаңа жұмыс орны құрылады, ал қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылатын болады, және бірінші кезекте біз жергілікті мамандарға басымдық береміз», — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев пен Гүлшара Әбдіқалықова «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 50 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін тапсыру рәсіміне және спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.

«Тәуелсіздіктің отыз жылдығы-мемлекет тарихындағы маңызды кезең. Қазақстан осы атаулы күнге үлкен жетістіктермен аяқ басуда. Енді біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр, бұл ретте біз үшін бар нәрсені бағалап, жетістіктерімізді одан әрі көбейту маңызды. Біз Тәуелсіздігімізді сақтау, қорғау және нығайту үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Ол үшін халықтың тұрақтылығы мен бірлігін сақтау, сондай-ақ ел игілігі үшін белсенді еңбек ету маңызды»,-деп сөзін қорытындылаған Мәулен Әшімбаев қызылордалықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады және оларға бақ-береке тіледі.

Қызылорда облысының әкімдігі Баспасөз орталығы