Полицейлер білім бөлімімен «Ашық есік» күнін өткізді

Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері білім бөлімімен бірлесіп, полиция бөлімінің ғимаратында «Ашық есік» күнін өткізді. Жиынға 30-ға жуық оқушы қатысты. Шараның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау және алдын алу. Яғни мектепте әлімжеттік көрсетіп, ақша жинайтын, қақтығыс жасайтын оқушылармен жүйелі түрде жұмыс жасау. Жиын барысында полиция подполковнигі Жан Мамыров тәртіп сақшыларының қызметінде арнайы құралдарды таныстырып өтті. Жасөспірімдер арасындағы орын алатын құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әрбір құқық бұзған адам заң алдында жауап беретінін алға тартып, ондай қадамға бармауға кеңес берді. Сонымен қатар мектеп бітірушілер арасында полиция қызметкері болғысы келетіндерді ҚР Ішкі істер министрлігінің жоғарғы оқу орындарына түсуге үгіт-насихат жүргізді. Оқушыларға полиция қызметінің қыр-сырын ашып түсіндіріп, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Бұл мамандықтың қиындығы мен жауапкершілігін алға тартып, «Кез-келген адам полиция қызметкері бола алмайды. Тәртіп сақшысы болу үшін төзімділік пен сабырлылық, жылдамдық, асқан жауапкершілік қажет» — деп атап өтті.