Пробация есебінде тұрған жастарға жеке психологиялық көмек берілді⠀

Шымкентте қиын өмірге тап болған пробация жастарына психологиялық жеке қабылдау өтіп жатыр. Адамдардың қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзетуге бағытталған қызмет түрін биыл 150 азамат алған. Психолог мамандар жеке қабылдауға суицид жасайтындар, пробация тізімінде бар және лудоманияға душар болған жандар жүгінетінін айтты.

Шымкент қаласы қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен болған іс-шараға 14-35 жас аралығындағы жастар қатысуға болады. Биыл 150 жасқа екі ай бойы психологиялық көмек беріледі. Маман әрқайсысына 10 сағатын арнайды. Мұндағы мақсат – пробация есебіндегі жастармен жүйелі жұмыс жүргізіп, психологиялық кеңес беру. Жастарға ой салып, жасаған қылмысын қайталамауға септігін тигізу.

–«Қиын өмірлік жағдайларға тап болған жастар мен жасөспірімдерге жеке психологиялық кеңес беру» жобасына «Айкөмек» орталығынан – 8 ана, «Аналар» үйінен – 6 ана, «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу» орталығынан – 2 жасөспірім, пробация жастары –74, жас және де білім беру мекемелерінен 60 оқушының тізімі анықталып, өтініштер қабылданды. Аталған жоба алтыншы қыркүйекте басталып, екінші қарашаға дейін жалғасады. Тәжірибелі 3 психолог маман азаматтарды үш мекенжайда, яғни Орынбаева №42, Түркістан көшесі 2/5, Север шағынауданында қабылдайды, – деді Шымкент қаласы қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының психологиялық көмек-күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс бөлім басшысы Айгүл Қанатқызы.

Әл-Фараби ауданы №1 пробация бөлімінде есепте тұрған Нұрсұлтан есімді жігіт психологтың жеке қабылдауына бірінші рет жүгінген.

–Пробация есебінде тұратын жандарға психологтың көмегі өте қажет. Мемлекет тарапынан психологиялық жағынан көмек беріп жатқанына алғысымды айтамын, – деді ол.