Таразда полицейлер ТикТоктың тікелей эфирінде жол ережесін бұзған жүргізушіні ұстады

Полиция қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін бұзушылықтарды анықтау үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. 

Мәселен, жуырда Тик Токтың тікелей эфирінде тараздық жас жігіт көліктің рөлінде отырып, алкогольдік ішімдік ішіп, балағат сөз сөйлеген. Содан соң ол автокөліктің алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірін алып тастап, қала ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзып жүрген.

Тараз қаласы ПБ Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері «Mercedes-Benz» маркалы автокөліктің жүргізушісін анықтады.

24 жастағы азаматқа қатысты көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірсіз, сақтандыру полиссіз басқарғаны, маневр жасау ережелерін бұзғаны, сондай-ақ автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік  хаттамалар толтырылды.

Құқық бұзушы енді айыппұл төлейтін болады және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Оның көлігі арнайы тұраққа қойылды.