Түркістанда 7 рет алаяқтық жасаған әйел анықталды

Түркістан қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғын хабарласып, арызданған. Жәбірленуші әйелдің  мәлімдеуінше, оны жақын таныс емес азаматша алдап кеткен. Яғни күдікті әйел «кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 5 миллион теңге алып беремін» деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 200 мың теңге ақша алған. Алайда, арадан жарты  жыл уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуі мен қырағылығының нәтижесінде, күдікті орта жастағы әйел  тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз жүрген   жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, орта жастағы әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Сезіктінің жалпы 7 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгеге жуық ақшаны құрады. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, Түркістанда алаяқтық қылмысының 15 жайтына қатысы бар бойжеткен қамауға алынған еді. Ол аукцион арқылы қомақты ақша шығарып беремін деп жәбірленушіні сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 800 мың теңге қаражат алған.

Өз кезегінде түркістандық полиция қызметкерлері алаяқтық тәуекелдеріне барудың соңы қатаң жазада қаралатынын ескертеді. Сондай-ақ, тұрғындарды өзгелердің арбауына түспей, мұқият болуға шақырады. Егер де осындай жағдайларға тап болсаңыз немесе күәгері болсаңыз полицияның «102» байланыс телефон нөміріне қоңырау шалып, хабарласаңыз болады.