Түркістан облысының бас полицейі «Полицияның сервистік моделі» жобасы аясындағы жұмыстарды жандандыруда

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің басшылығымен және қатысуымен облыс әкімдігінде жиналыс өтті. Сонымен қатар облыс әкімі жанынан құрылған ведомстволық топтың жетекшісі Бауыржан Абайұлы, топ мүшелері, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Абдуғани Сейдуалиев, Түркістан ҚПБ бастығы полиция полковнигі Бауыржан Селтанов және БАҚ өкілдері қатысты.Бас қосудың негізгі мақсаты полицияның сервистік моделі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, құқық бұзушылық пен қылмыстардың болу себебі бойынша ақпарат жинау, талдау, зерделеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында полицияны бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгерту, полиция қызметінің сервистік модельге көшуі басым бағыттардың бірі деп тапсырылған болатын. Сондықтан бүгінгі күннің басты талабы болып отырған «сервистік полиция моделіне көшу» бойынша атқарылған жұмыстарды пысықтау, талқылау және алдағы уақыттарда оны іске асыруға байланысты жоспарларды құру бойынша әңгіме өрбіді. Жиында сөз сөйлеген киелі өңірге жаңадан тағайындалған полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов: «Полицияның сервистік моделіне көшу бойынша облыс көлемінде жұмыстар атқарылып жатыр. Бұдан әрі қарай Президенттің тапсырмасын, Ішкі істер министрлігінің нұсқауларын бұлжытпай орындап, нақты нәтижені көрсету үшін жұмыстарды жандандыра беретін боламыз. Мақсатымыз айқын! Ол қарқынды дамып келе жатқан облыста қылмыстардың санын азайту, нөлдік төзімділік бойынша мүлде қылмыстарды болдырмау және алдын алу! Сондықтан бірлесіп, қоғам болып, әрбіріміз қылмыспен күресе білейік», — деді. Оған қоса облыстың бас полицейі дер кезінде қылмыстар мен құқықбұзушылықтарға мән беріп, талдау, анализ жасау мен электронды карталар әзірлеу туралы ұтымды ұсынысын білдірді. «Туристер көп келетін, рухани астана саналатын Түркістанымыздағы іске асырылып жатқан жобалар нақты назарда болып, жаңашылдыққа бет бұрып, жұмыстарды бұдан әрі де жандандыратын боламыз», — деп атап өтті полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов.Жиналғандар араға ай салып, сол жерде жиналып, атқарылып жатқан жұмыстарды саралап тұруға, пікір алмасып, криминогенді жағдайды жақсартуда бас қосуға уағдаласты.

ТО ПД баспасөз қызметі