Түркістан облысының полицейлері жоғалған жасөспірімді әлеуметтік желіде танысқан достарымен кездесуге кеткен жерінен тапты

Отырар аудандық полиция бөлімініне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, таңғы уақытта ұйқыдан тұрған сәтте 13 жасар қызы орында жоқ екенін байқаған. Содан ұшты-күйлі хабарсыз болған қызын таппай жатқандығы туралы полицияға хабарлама түсірген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері бірден тіркеуге алды. Ақпарат алысымен қырағы отырарлық полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, жоғалған жасөспірімнің аман-есен табылуы үшін іздестіру шаралары атқарылды. Жас қыздың сыныптастарынан, жақын араласатын достарынан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде келіп түскен ақпарат көздері арқылы, бірнеше сағат ішінде жасөспірімнің Шардара қаласында жүргені анықталды. Жедел уәкілдер оқушы қызды табу үшін Шардара қаласына арнайы барып, оны полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, жоғалған қыз Шардараға әлеуметтік желі арқылы танысқан дос қыздарымен кездесу кешіне барған. Өз кезегінде қыздың анасы: «Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен тиянақты жұмыстарына рақмет айтамын! Осы жандардың арқасында қызымды тез арада тауып, отбасымызға қайтардық. Барша іздеуге атсалысқан тәртіп сақшыларына алғысым шексіз. Жұмыстарыңызға табыс, сәттілік тілеймін!» — деп аналық жүрегімен алғысын жаудырды.Түркістан облысының тәртіп сақшылары тұрғындарға өзінің кәмелет жасына толмаған ұл-қызына мұқият болуды, бақылаусыз ескертеді.

ТО ПД баспасөз қызметі