Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында түркістандық 70-ке тарта полиция қызметкері марапатталды

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне 30 жыл, айтулы дата. Осы жыл аралығында елімізде елеулі өзгерістер орын алды. Экономикамыз өркендеп, мемлекетіміз алға дамып келеді. Жаңадан құрылған Түркістан облысының өзінде сан түрлі зәулім ғимараттар саны артып, көркеюде. Бұл ретте барлық сала өз жетістігімен мақтанатындай дәрежеге жетті деп те айта аламыз. Оның ішінде Қазақстан полициясы, яғни тәртіп сақшылары ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға аянбай еңбек етумен келеді. Қаншама сақшы ерлік істерімен көзге түсіп, ел алдында марапатталды. Бұл өз кезегінде Тәуелсіз еліміздің тәртіп сақшыларының елмен бірге жоғарыға қарай ұмтылып, өсіп келе жатқандығын көрсетеді.Мерейі үстем мереке қарсаңында, Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен ауқымды іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Қалмұханұлы Тәжібаев, ішкі істер органдары ардагерлері мен жеке құрам қатысты. Мейрамға арналған жиынның шымылдығын, осынау 30 жыл қарсаңында облыс полицейлерінің жеткен жетістіктері мен қызметтері көрсетілген фильм ашты. Одан ары ТО ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков өзінің құттықтау сөзімен жалғастырды. Облыстың бас полицейі баяндамасында, Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жеткен жетістіктерін, Елбасы мен Президенттің басшылығымен жасалған қоғамдық тұрақтылық пен өркендеудің бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған саяси және әлеуметтік реформалардың жүзеге асырылуы, ІІО-ның сервистік модельге көшуі, «Жұртқа жақын полиция қағидаты» бағдарламаларының арқасында еліміздің өркендеп отырғанын тілге тиек етті. Және қызмет бабында қаза болған полицейлердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтқан генерал, олардың жұбайларына мерекелік тарту жасап, сый-сияпаттар үлестірді. Сондай-ақ еліміздің құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан тәртіп сақшыларына тиісті марапаттарын ұсынды. Әскери және қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуде белсенділік танытқандары үшін «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен полиция полковниктері Сейітжомарт Сейітхан, Нұрмахан Жалғасов, Ұлықбек Мылтықов, Ержан Бекмұратов, Салтанат Қаракөзовалар марапатталды. Мерекеге орай өздерінің қызметтерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін Жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы полиция подполковнигі Нұржан Әбдіхалықов кезектен тыс полиция полковнигі шенін алды. Ал «Бір саты жоғары полиция полковнигі» арнаулы атағы Нұржан Мутаевқа, «Бір саты жоғары полиция подполковнигі» полиция майоры Амид Абиловқа берілді. «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен полиция капитаны Қуаныш Түймебеков марапатталды. Одан бөлек ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісімен 5 қызметкер, ҚР ІІМ-нің «Грамотасымен» 3 қызметкер, ІІМ-нің «Алғыс хатымен» 14 қызметкерге алғыс жарияланды. «ҚР Құрметті азаматы» атағына ие болған Оспанғазы Жанқожаев, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Еңбектегі жоғары жетістіктері мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлестері үшін «Облысқа сіңген еңбегі үшін» медалімен полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков, полиция подполковнигі Есенғали Бейсебаевтар марапатталды. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің грамота, алғыс хаттарымен 8 полиция қызметкері марапатталды. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен 2 қызметкер марапатқа ие болды. Сондай-ақ ТО ПД-нің «Грамотасымен» 2 қызметкер, «Алғыс хатымен» 21 қызметкерге алғыс жарияланды. Салтанатты жиын соңы облыстық эстрада жұлдыздары мен өнерлі полицейлердің мерекелік концертімен жалғасты.

ТО ПД баспасөз қызметі