Шымкентте мониторинг жүргізу барысында карантин режимін бұзған шайхана анықталды

Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлермен қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жүргізілген рейд кезінде 2021 жылдың 20-тамызында, сағат 22:00-де, аудан аумағында орналасқан «OZEL» шайханасы карантиндік талаптарды сақтамай жұмыс жасап, келушілерді қабылдап жатқандығы анықталды деп хабарлайды Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі. Шайхана қызметкерлері бір реттік бетпердені толық тақпай, келушілердің дене қызуы өлшенбейтіндігі белгілі болды. Аталған жайт бойынша, жинақталған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) шара қолдану үшін Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырады.