Қаракемер ауылында медициналық пунктінің құрылысы басталды

Қаракемер ауылының тұрғындары көп жылдан бері ем-дом жүргізгенге дәрігер іздеп аудан орталығына сабылып келеді. Ауылда медициналық пунктінің жоқтығынан қаракемерліктер індетке қарсы екпені де, тұмауға қарсы вакцинаны да орталықтағы емханаға келіп салдыруда. Жасы шау тартқан қариялар үшін жолға шығудың машақаты тағы бар. Бұл түйіткілдің түйіні тарқалатынына қалың нөпір соңғы кездері күмәнмен қарайтынды шығарды.

Десе де, қаракемерліктер тілегі үстіміздегі жылдың ақпан айында назарға алынған болатын. Ауыл ағайындарымен жыл қорытындысы бойынша есептік кездесу өткізген аудан әкімі Сәкен Арубаевқа ауылдың қадірлі ақсақалы Ошақбай Ибраймов:

 – Ауылға газ тартылып, ауылдық клуб салынып, қарашаның айтқан өтініштерін орындап келесіз. Ел игілігі жолында атқарып жатқан жұмысыңызға алғыс білдірем. Әйтсе де, ауылдың айтар «бірағы» бар. Ауыл болып, іргемізді тіктегелі медициналық пунктінің мәселесін көтеріп келеміз, шешімін табатын түрі жоқ. Ауылда біз секілді қарттар, жастар бар. Буындарымыз сырқырап, тұмаумен жолдас болғанда амалсыздан ем алуға орталыққа сабыламыз. Сағаттап кезек күтіп, кеш батырып, келесі күні қайтадан жолға шығамыз. Бұл мына отырған тұрғындардың бастан өткеріп жатқан жағдайы. Ауылға медициналық пункті керек. Осы мәселеге нүкте қоятыныңызға сенім білдіремін, – деді. Қарияның сөзін көпшілік қолдай кеткен.

Тұрғындар тілегін мұқият тыңдаған өңір басшысы Сәкен Қаланұлы:

 – Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен ауыл-аймақтың ажары ашылып келеді. Оған өздеріңізде куәсіздер. Ауылда бірқатар жұмыс атқарылғаны мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының арқасы. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану арқылы ауданымызда көркейіп келеді. Әрине, денсаулық – ең бірінші байлық. Айтылған өтініштеріңізді қағазға түртіп алдым. Осы жылы шешімін табатын болады, – деп уәдесін берген болатын. Арада 8 ай өтті. Ауылда қандай өзгерістер ба?!

Бүгін ауыл азаматтарына берілген уәденің орындалуы барысын көруге шыққан аудан әкімі Сәкен Арубаев осы сауалға жауап іздемек болып, Қаракемер ауылына арнайы барды. Аудан басшысы айтқандай 25 соттық аумаққа ауылдық медициналық пунктінің құрылысы басталған.

Құрылыс басында жүрген округ әкімі Жәнібек Әуелбаев: «Құрылыс жұмыстарын «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 25 келушіге арналған пунктінің құрылысы қазан айында басталды. Бүгінде іргетасы қалана бастаған нысан келесі жылы аяқталады деп күтілуде, – деді.

Халық қажеті үшін салынып жатқан нысанды арлаған Сәкен Қаланұлы құрылыс сапасын бақылауда ұстауды, мерзімінде аяқтау керектігін мердігер компания өкіліне тапсырды.

Жалпы 85 мыңнан аса тұрғыны бар Жамбыл ауданында 35 медициналық орталық бар. Жамбылдықтарға 1 аудандық, 1 ауылдық емхана, 1 орталық аурухана, 3 фелдьшерлік-акушерлік, 15 медициналық пункт, 14 дәрігерлік аммбулатория үздіксіз қызметсе етсе, 16-шы медициналық пункт көп ұзамай қатарға қосылады.

Ақжігіт Жетпісбай, Жамбыл ауданы.