Қоғам тұрақтылығы және экстремизмнің алдын алу

Қоғам тұрақтылығы

Қазіргі кезде діни экстремизм мен терроризм әлемдік қауіпсіздікке үлкен қатер төндіріп отырған күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Бұл құбылыстар қоғамның тұрақтылығына нұқсан келтіріп, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан діни экстремизмнің, терроризмнің және түрлі кері ағымдардың алдын алу – мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі.

Діни экстремизм – дінді саяси немесе басқа мақсаттарға пайдалану арқылы қоғамда алауыздық тудыруға бағытталған көзқарастар мен әрекеттер жиынтығы. Ал терроризм – қорқыныш пен зорлық-зомбылық арқылы белгілі бір мақсаттарға қол жеткізуді көздейтін қылмыстық әрекет. Мұндай теріс идеологиялар адамдарды адастырып, олардың санасына қауіп төндіреді.

Әсіресе жастар түрлі радикалды ағымдардың ықпалына жиі ұшырайды. Бұған діни сауатсыздық, ақпаратты дұрыс саралай алмау және әлеуметтік желілердегі жалған насихат себеп болуы мүмкін. Сондықтан жастардың діни және құқықтық білімін арттыру аса маңызды. Діни мәселелер бойынша тек сенімді дереккөздерге жүгініп, мамандардың кеңесіне құлақ асу қажет.

Кері ағымдардың алдын алуда отбасының, білім беру мекемелерінің және қоғамның рөлі ерекше. Отбасында дұрыс тәрбие беру, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру олардың теріс ықпалдарға қарсы тұруына көмектеседі. Сонымен қатар мектептер мен жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды.

Экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің тиімді жолдарының бірі – діни сауаттылықты арттыру. Өз дінінің шынайы құндылықтарын түсінген адам радикалды идеяларға ермейді. Дәстүрлі діндер бейбітшілікке, мейірімділікке, өзара құрмет пен татулыққа үндейді.

Осы ретте Түркістан облысының полицейлері жастар арасында құқықтық және рухани бағыттағы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Осы бағытта Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері діни экстремизм, терроризм және кері ағымдардың алдын алу, сондай-ақ жастар арасында рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында кездесу өткізді. Оған мектептердің 9–11 сыныбының 250-ге жуық оқушысы қатысты.

Кездесуге теолог маман Арыстан Оспанов, полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Сарсенкулов пен полиция бөлімі Ювеналды полиция тобының бастығы Жанболат Ахметов қатысты.

Шара барысында спикерлер адалдық, мейірімділік, сабырлылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді рухани құндылықтардың қоғам тұрақтылығының негізі екенін атап өтті. Сонымен қатар дінді дұрыс түсіну, жалған және теріс ағымдардың ықпалынан сақтану жолдары түсіндірілді. Жастар білім алуға, ұлттық дәстүр мен мәдениетті құрметтеуге, ата-ананы сыйлауға шақырылды.

Полиция қызметкерлері қауіпсіздік мәселелеріне тоқталып, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын сақтау мен күшейтудің маңыздылығын түсіндірді.

Діни экстремизм, терроризм және кері ағымдардың алдын алу – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты. Әрбір азамат сақтық танытып, заңды құрметтеп, рухани және діни сауаттылығын арттыру арқылы еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтауға өз үлесін қоса алады.