Құқықбұзушылықпен күрестің тиімді жолдары қарастырылды

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында құқық бұзушылықты алдын алу және осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жиында қала аумағында жол-көлік оқиғаларын азайту, кәмелетке толмағандар арасында қылмыспен күрес шаралары баяндалды.

Соңғы 9 айда қаламызда қылмыстық құқықбұзушылық саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34,3%-ға азайғаны байқалады. Онша ауыр емес қылмыстар 38%, ауырлығы орташа қылмыстар 29,5%, ауыр қылмыстар 42,6% төмендеген.

Мегаполисте жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар жалғасуда. Қазір қала аумағында 16 мың жол белгісі қолданыста. Биыл 520 жол белгісі қайта қалпына келтіріліп, 3 мыңнан астамы жаңадан орнатылды. Келесі жылы тағы 6 мың жол белгісін орнату жоспарлануда.

Басқосуда құқық қорғау органы өкілдері келеңсіздік жиі болатын орындар мен уақыттарды, жасалу себептерін талдап, тиісті ұсыныстарын жеткізді. Құқықбұзушылықтар көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі мезгілде тамақтану, ойын-сауық орындарында тіркеледі.

Тәулік бойы жұмыс істейтін 164 ойын-сауық орны анықталған. Осыны ескерген полиция өкілдері жергілікті деңгейде ойын-сауық мекемелерінің уақытын айқындауды ұсынып отыр.

Қала әкімі мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін құқықбұзушылықпен күресте күш біріктіріп, қылмыстың жолын кесуде кешенді шараларды тиімді пайдалануға шақырды.

«Құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында тамақтану орындары мен ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытын шектеуді заң шеңберінде қарастырамыз. Бұл ретте Астана қаласының тәжірибесін енгізу де тиімді деп ойлаймын. Қатаң тәртіп болған жағдайда ғана заңсыздықтарды жоямыз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтуда жол ережелерін ескермейтін көлік жүргізушілерімен де жұмысты күшейту қажет. Қылмысқа жол беретін барлық жағдайға тосқауыл қойып, тиісті шараларды күшейтуде бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді қала әкімі.

Кеңейтілген отырыста құқықбұзушылықтардың жолын кесетін тиімді ұсыныстар талқыланып, алдағы жоспарлар бекітілді.