Әлеуметтік салада қызметтерді цифрландырудың аясы кеңейіп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында цифрландыру – сәнге айналған үр­діске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабі­леттілігін арттырудың негізгі құралы. Ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажет­тілікке айналып отыр- деген болатын.

Бүгінде цифрландыру саласында жаңа технологияларды қолдану қарқынды дамып келеді.

Елімізде әлеуметтік қызметтер порталы функционалының қолжетімділігін арттыру үшін мүгедектігі бар адамдар оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес оңалтудың техникалық компенсаторлық құралдарына тапсырыс бере алатын «Aleumet» қосымшасы әзірленіп, іске қосылды.

Қосымша толығымен тегін қызмет көрсетеді және оны «App Store» немесе «Play Маркеттен» жүктеп алуға болады.

Болашақта бұл қосымшаның функционалдығы кеңейеді, мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын басқа қызметтерге тапсырыс беру мүмкіндігі пайда болмақ. Оларға санаторлық-курорттық емдеу, ымдау тілі маманы, жеке көмекші және басқа да арнайы әлеуметтік қызметтер қосылады.

Сондай- ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екінші деңгейдегі банктермен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірлескен жұмыстарды жалғастыруда. Бүгінгі таңда «Halyk» мобильді қосымшасының «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде 18 жасқа дейінгі балалары бар көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы алуға өтініш беру мүмкіндігі пайда болды.

Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелет жасқа толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейін бірге тұратын студент балалары бар отбасы көпбалалы болып есептеледі. Жәрдемақы алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары және «Электрондық үкімет» порталы, сондай-ақ проактивті түрде SMS-хабарламаға жауап беру арқылы өтінім білдіруге болады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, 2021 жылдан бастап екінші деңгейлі банкттер арқылы 9 қызмет түрі іске асырылуда. Мәселен, «Halyk» қосымшасында бала тууға және бала күтімі бойынша жәрдемақы, АӘК мәртебесі, жұмыссыз азаматтар туралы мәліметтер және т.б. қызметтерді алуға болады.