19 қазан – Құтқарушылар күні» қарсаңында өрт сөндірушілерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті

2021 жылдың 15 қазанында Шымкент қаласындағы Абай атындағы саябақта Даңқ аллеясында өрт сөндірушілер мен қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құтқарушыларға арналған ескерткішке салтанатты түрде гүл шоғын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы ТЖД басшылығы, ардагерлер кеңесінің төрағасы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, жеке құрам, әскери бөлімінің үрмелі оркестрі қатысты.Шымкент қаласы ТЖ департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Алтынбекұлы Бейсембаев, азаматтық қорғау органдарының құрметті ардагері Мұхтарбек Бексейітов құттықтау сөз сөйлеп, жас мамандарға тілектерін айтты.Құтқарушылар күні қарсаңында біз адам тағдырын сақтап қалған, өз өмірінің бағасымен өрт апатынан көптеген қайғылы салдардың алдын алған 1988 жылы 25 ақпанда Шымкент мұнай өңдеу зауытының 311 паркінің резервуарында өртті сөндіру кезінде қаза тапқан Бахыт Алтынбекұлы Алпысбаевты, 2014 жылы 1 қаңтарда фармацевтикалық заттар сақтайтын қоймада өртті сөндіру кезінде қаза тапқан Жұлдызбек Тұрарұлы Есеналиевті, 2016 жылы 30 мамырда жетуі қиын таулы аймақта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қаза тапқан Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбековты әрқашан еске аламыз. Салтанатты іс-шара барысында өрт сөндіру қызметінің жас қызметкерлері ант қабылдады. Аға буын батыр ағаларын еске алып, олардың жұмыстарын жалғастырушы жас мамандар бұл сәтті мәңгі есте сақтайды.

Шымкент қаласы ТЖД