70 кәсіпорында 1150 қызметкердің жалақы қарыздары төленді

Бауыржан Әлтеев

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қызметінің маңызды бағыты еңбекшілердің қауіпсіз еңбекке құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Осы орайда, Кәсіподақтар Федерациясы кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайын жақсарту мақсатында 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланған болатын.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлтеев Бауыржан Ілімшаұлы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз-конференциясы барысында баяндады.

«Шымкент қаласында әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты өңірлік Комиссияның 6 отырысы өткізілген болатын. Комиссия отырыстарының күн тәртібінде кәсіподақтар бірлестігімен еңбек дауларын және жалақы бойынша борыштарды өндіру мәселелері қаралып, жыл қорытындысы бойынша 70 кәсіпорнында еңбек ететін 1150 қызметкерге 484,7 млн. теңге сомасында жалақы қарыздары төленді. Сондай-ақ қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін көздейтін мәселелер де күн тәртібінен тыс қалған жоқ», — деді Бауыржан Ілімшаұлы.

Сондай-ақ, Еңбек адамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Айта кету керек, «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында өткен жылмен салыстырмалы түрде өндірістік жарақаттар деңгейі төмендегені байқалады.