Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қала тұрғындарымен қалалық Мәдениет үйінде есептік кездесу өткізді. Бұған дейін 6 ауылдық округте болып, ондағы өзекті мәселелерді талқылаған әкім Арыс тұрғындарына қорытынды есеп берді. Кездесуде халықтың көкейінде жүрген бірнеше өзекті мәселелердің шешімін айтты.Қала әкімі биыл Арыс қаласында екі жаңа мектептің құрылысы басталатынын айтты. Атап айтқанда, 600 орындық 2 жаңа мектеп бой көтереді.«Білімді ұрпақ — ел болашағы. 21 ғасырда үш ауысымды мектеп мәселесі туындамау керек. Қала тұрғындарының жыл сайынғы өсуі ескеріліп, жаңа мектептер салуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда айтқанымдай 2 жаңа мектеп құрылысынан бөлек, биыл М.Әуезов атындағы гимназиядан 200 орындық, И.Журба мектебі жанынан 300 орындық қосымша оқу ғимараты салынады. Осылайша, 1500-ден астам оқушыға жағдай жасалады», — деді Гүлжан Мамытқызы.Бұдан бөлек, жиында электр желілерін жаңарту, ауыз су сапасын арттыру, қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізу мәселелеріне жеке тоқталып өтті.Жиында қала басшысы арыстық тұрғындардан жазбаша түрде түскен бірсыпыра сауалдарға жауап берді. Жиынға қатысқан тұрғындар тарапынан да бірқатар өзекті мәселелер айтылып, оларға нақты жауаптар берілді.Жалпы, кездесуде айтылған нақты өзекті мәселелер мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды бүгін кезең-кезеңімен жариялайтын боламыз.Айта кетейік, жиында сұрақтарын қойып үлгермеген тұрғындар шара соңында қала басшысымен жеке кездесіп, сұрақ-сауалдарына жауаптар алды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі