Түркістан облысында мектеп салу күн тәртібіндегі мәселе. Халықтың қажеттілігін ескерген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 2023-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 89 мектеп салынады деп мәлімдеді. Облыстағы білім ұяларында 72 мыңға жуық оқушы білім алады. Бүгінгі таңда, өңірде білім ұяларының жобалары, жер телімдері, құжаттарын әзірлеу жұмысы басталуда.
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының мәлімдеуінше, облыста 2023 жылы – 2, 2024 жылы – 31, 2025 жылы – 56 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ең көп мектеп қажеттілігі бар аудан, қалаларға тоқталсақ, Түркістан қаласында 8 мектеп бой көтереді. Сонымен бірге Келес ауданында – 8, Сауран ауданында – 9, Сайрам ауданында 12 мектеп салынады деп күтілуде. Өңір басшысы жақын елді мекендерге оқушыларды тасымалдау, автобуспен қамту ісін жандандыру керектігін жеткізді.
Апталық отырыста Түркістан қаласын дамыту мәселесі де қаралып, шаһар басшысы Н.Тұрашбековтың баяндамасы тыңдалды. Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 2022 жылы 7, 9 және 12 қабатты, жалпы 53 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп, қабылданады. Ағымдағы жылдың соңына дейін Түркістан қаласының 55 пайызы толық жарықтандырылады.
«Арман» тұрғын үй кешенін абаттандыру мақсатында жер тегістеу, аяқжолдар төсеу және автотұрақ орындарын асфальттауға дайындық жұмыстары атқарылды. Қалада саябақтар саны артуда. Облыс әкімі қаланы көгалдандыру, суландыру жұмысын күшейтуді тапсырды.
Жаз айларында жасыл желектерді суғаруды қарқынды әрі тиімді жүргізу мақсатында 3 ауысымдық жұмыс кестесі жасалды. Аталған жұмыстарды «Жасыл-Түркістан» КММ және «Жарық-Тазалық» ЖШС бірлесе жүргізіп жатыр. Б.Саттарханов даңғылы бойына күнделікті сағат 21:00-ден 02:00-ге дейін 8 техника қойылып, 3 ауысымдық түнгі кезекшілік ұйымдастырылған.«Отырар» мөлтек ауданындағы Яссы көшесі бойынан 2,34 га аумақта гүлзар құрылысы басталды. Аталған нысанда үлкен субұрқақ, демалыс орындары, спорт алаңшалары, балалар алаңшалары, аяқжолдар, веложолдар, жүгіру жолақтары мен жасыл желектер қарастырылған. Қазіргі таңда, мердігер тарапынан жер жұмыстары жүргізіліп, бетон арықтар және бордюр орнату, инженерлік желілерді тарту жұмыстары аяқталған.
Ntime.kz