Төлеби ауданында «Халықтық кеңсе»  тұрғындар үніне құлақ асады

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына төлебилік атқа мінерлер де ерекше ден қойған. Енді тұрғындар мен билік арасы едәуір жақын болмақ. Ауданда мемлекеттік органдардағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету міндеті мен олардың сервистік модельге көшуіне басым бағыт берді. Бүгінде Республика бойынша мемлекеттік мекемелердің сервистік үлгідегі жұмыс форматына көшу үрдісі қарқынды жүргізілуде.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия мәжілісінде азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету басты міндет болып айқындалды.

Осы орайда бүгін Төлеби ауданы әкімдігінің қолдауымен Бірінші Мамыр ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында «Ашық әкімдік» іске қосылды. Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев тұрғындарды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Сервистік әкімдік ашудың негізгі мақсаты — тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, бизнес процестерді оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту, сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту және мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады.

Округ тұрғындары «Халықтық кеңсе» сервистік әкімдікте жұмыспен қамту, ауылшаруашылық саласы, жер қатынастары мен тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бойынша өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алады. Ал, кеңсе қызметкерлері көрсетілген салалар бойынша түсіндірме кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетеді. Сондай-ақ, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы азаматтар электронды цифрлы кілтін пайдаланып, кез-келген мемлекеттік қызмет түрін алады.

Сонымен қатар орталықта шешімін таппай, халықты толғандырып жүрген мәселелер мен жергілікті билікке қатысты арыз-шағымдар да қаралады. Ауылдық округ әкімінің жеке қабылдаулары «Open space» форматында өтуі үшін кеңсе толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Орталық азаматтардың арыз-шағымын қабылдап, кеңес беретін 4 терезе таңғы сағат 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді.

Ntime.kz