Түркістан облысының полицейлері қашанда жақынын жоғалтып, жаны қиналғандарды қуантуға барын салып келеді деп хабарлайды ТО ПД-ның баспасөз қызметі.
Қандай да бір тұрғынның жоғалғаны жөнінде хабарлама алысымен, оның аман-есен отбасына оралуына ықпал етеді. Мәселен, Ордабасылық полицейлер 6 жасар баланың тез арада табылуына қызмет етіп, алғыс алды. Нақтырақ айтсақ, аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне күндізгі сағат 13:00 шамасында кішкентай баланың хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Анасының айтуынша, оның мектептен қайтуы керек ұлы, үйіне келмей, белгісіз бағытта ұшты-күйлі жоқ болған.
Оқиға орнына Ордабасы АПБ жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері дереу шығып, жоғалған оқушыны табуға кіріскен. Ювеналды полиция инспекторлары жақын маңдағы барлық көшелерді, аулаларды мұқият аралап, куәгерлер мен жолаушылардан сұрастырады. Осындай жүйелі сұрастыру жұмыстарының нәтижесінде, екі сағат ішінде тәртіп сақшылары, үйінен 4-5 шақырым жердегі басқа мектепте адасқан бала бар екендігі жөнінде ақпарат алады. Ақпарат көздері арқылы жоғалған жас бала табылып, аман — есен үйіне жеткізілген.
Белгілі болғандай, мұғалім баланы сабақ біткен соң анасының өтінішімен таксиге отырғызып жіберген. Алайда, анасы баласын көшеден шығып күтіп алуға үлгермеген. Соның салдарынан такси үйден шатасып өтіп, баланы 4 шақырым алшақ жерден түсірген. Содан баланың жылап жүргенін көрген басқа көлік жүргізушісі, оны жақын маңдағы мектептердің біріне апарған.
Өз кезегінде Шұбар ауылының тұрғыны ювеналды полиция инспекторларына және Ордабасы АПБ-нің барлық жеке құрамына алғысын айтты. Кішкентай баласын іздеп, тауып бергені үшін ризашылығын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға балаларына мұқият қарау мен оларды назардан тыс қалдырмау қажеттігін ескертеді. Жалпы, жақыныңды жоғалтқаннан ауыр ештеңе жоқ. Сондықтан, бір-бірімізден алыстамай, қамқор болып жүрейік. Кішкентайларымызды бақылаусыз қалдырмайық!