Тәулік ішінде жол қозғалысы ережесін бұзған 20-ға тарта жүргізуші анықталды

Полиция қызметкерлері күнделікті тұрғындар тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жол қозғалысын бақылау, жол апаттарының алдын алу мақсатында сан алуан жұмыстар атқарады. Осы тұрғыда Түркістан қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шараларды жиі ұйымдастырып, тыныштық сақтауда белсенді қызметтер атқаруда.

Соның бірі демалыс күні, яғни 30 қазан күні облыс орталығы Түркістан қаласында «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасы Ішкі Іштер Министрлігі мен Полиция Департаментінің бастығының тапсырмасына сәйкес бекітілген жобалар мен жоспарларды жүзеге асыру.

Осы бағытта рейдке Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшылығы мен жеке құрам қызметкерлері шықты. Аталмыш түркістандық тәртіп сақшылары орталық  көшелерде жол қозғалысы ережесінің сақталуын қамтамасыз етті.

Полицейлер назарына көлігінің терезесін күңгірттеген, сондай-ақ, қауіпсіздік белдігін тақпаған, көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданған құқық бұзушылар ілінді. Аталған құқық бұзушыларға тиісті заңды шарасы көрілді. Мысалы полицейлер қауіпсіздік белдігін тақпаған «Опель Вектра» автокөлігінің жүргізушісін анықтап, тоқтатты.

Оның құжаттарын тексеру кезінде, жүргізушінің көлік басқаруға арналған куәлігінің жоқ екені белгілі болды. Осыған орай жүргізушіге Қазақстан Республикасының  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабы «Жол жүру ережелерінде көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» мен 612-бабы «Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.

Айта кетсек, «Қауіпсіз қала» іс-шарасы барысында жол ережесін бұзған  20-ға жуық азамат жауапқа тартылды.

Сонымен қатар, өз кезегінде Түркістандық тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындар мен көшелерде жүргенде тәртіп сақтауға, қоғамдық эстетиканы ұстануға шақырады. Қаланың қауіпсіз болуы – сіздердің қолдарыңызда. Полиция қызметкерлері сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін күндіз-түні қызмет етуге дайын.

Ntime.kz