Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» тұғырнамасын жүзеге асыру мақсатында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылы қараша айында құрылған болатын. «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп 2022 жылдың 15 тамызда республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқанын бастады. Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.
Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады. 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ-Ж.К.Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп… Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді Заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», — деді мемлекет басшысы.
Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Жол-көлік апаттарында талай адамдамның көз жұмып, жарақат алуларының себебі – осы сапасыз жолдың әсері.
Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, бұл зұлымдыққа төтеп бере аламыз.
Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты хабарлай алады.
«Әділік жолы» РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының жетекшісі А.Кесебаева:
– Өңірдегі филиалда тәжірибелі заңгерлер мен сарапшылар жұмыс істейді.
Бірлестікке жыл басынан бері 78 адам жүгінген. Оның ішінде 8 анаға сот арқылы алимент өндіруге арыз беруге көмек көмек көрсетіліп, сот шешімінің жеке сот орындаушылары палатасына жіберілуі қадағаланды. Аптаның әр бейсенбісі азаматтарды қабылдау күні. Азаматтарға тегін заңгерлік кеңестен бастап, қажет болса құқықтық көмек көрсетуге тырысамыз. Және барлығы ақысыз, тегін негізде. Яғни халық тарапынан әр түрлі сипаттағы өтініштер келіп түседі: сотқа талап-арыз жазуға көмек көрсету, заңгерлік кеңес беру, несие борышы, шотқа қойылған заңсыз аресттерді шешу, әлеуметтік және білім, медицина саласының мәселелері және т.б. Барлық мәселе бойынша тым болмаса заң аясында кеңес бере отырып, бағыт-бағдар көрсетуге тырысамыз, — деді спикер.