Түркістан облысы Кентау қаласындағы еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледждің ерекше оқушыларына оқу орнының тарихында алғаш рет лифт орнатылды. Оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар бұған дейін қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп әуреге түсетін еді.
Енді «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауының арқасында 15-35 жас аралығындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдемек. «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігінің облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемеге лифт орнату мәселесі қордың Қамқоршылық кеңесінің оң шешіміне ие болды.
«Мүмкіндігі шектеулі студенттер оқитын мамандандырылған кәсіптік колледжде лифт салуға қажетті 36 миллион теңге көлеміндегі бюджетті «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобының атынан бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры бөлді. Енді ерекше күтімге мұқтаж студенттер жаңа оқу жылын ыңғайлы жағдайда бастап, лифтті қолданатынына қуаныштымын», — деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Мұхит Мағажанов.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жұмыс істеген жылдары еліміздің әлеуметтік саласын жақсарту және өңірлік бастамаларды дамыту бойынша көптеген жобаларды іске асырып келеді. Еліміздің әртүрлі өңірінде тұратын қазақстандықтарға білікті әрі дер кезінде көмек көрсету ҮЕҰ-мен жұмысқа арқау болуда. Бұл ретте жобалардың бюджеттері әртүрлі — бірнеше миллионнан миллиардтарға дейін.
«Қазақстандағы жалғыз мүмкіншілігі шектеулі жастарға арналған білім беру мекемесіндегі көп жылдар бойы алаңдатқан әлеуметтік маңызды өткір мәселе ақыры оң шешімін тауып, бұл колледж ұжымы үшін де, ата-аналар үшін де қуанышты жағдайға айналды. Осылайша ұзақ мерзімді, орнықты өзгерістерге жол ашылды», — деді «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнәр Ниязова.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының қызметінде Түркістан өңірінде 2017-2023 жылдары 1,8 млрд теңгеге 23 жоба жүзеге асты. Оның ішінде «Қамқорлық» оңалту орталықтары, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал топтағы 6 мыңнан астам оқушыға мектеп құралдарын алып беру, мектепішілік санитарлық тораптар орнату және ауылдық медицина нысандарына жаңа жедел жәрдем көліктерін табыстау сияқты қадамдар бар.