Қоршаған ортаның тазалығы әрқайсымыздың басты міндетіміз. Соңғы кезде бүкіл әлемде қоршаған ортаның ластануы үлкен мәселеге айналып отыр. Елімізде бүгінгі таңда экологияның бұзылуы, ауаның ластануы ірі мегаполисте өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындардан, жылу-энергия орталықтарынан, жылдан-жылға саны артып келе жатқан мыңдаған автокөліктерден бөлінетін көмірқышқыл газдарынан орын алып отыр. Ауаның ластануы адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Қаланың тынысын ашу үшін көптеген ағаштар отырғызу керек. Ағаштар қалаға сән беріп қана қоймай ауаның тазаруына ықпал етеді.
Осы орайда Шымкентте Қаратау ауданында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл туралы брифингте Қаратау ауданының әкімі Мүлкеманов Рахымберді Жанысбекұлы мәлімдеді: Санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мақсатында аудан территориясы 7 аумаққа бөлініп, оған Қаратау ауданы әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітіліп, жұмыс атқарылуда. 2023 жылдан бастап аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстары «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан атқарылуда.
2023 жылы аудан тұрғындарының қатысуымен орталық көшелердің бойына және көп қабатты үй аулаларына 5000 түп ағаш көшеті отырғызылды.
190 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 2022 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен тұрғындар арасында келісім-шарт түзу көрсеткіші 99% құрап отыр. Аталған көрсеткішті ағымдағы жылы 100%-ға жеткізу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Көп қабатты тұрғын үй аулаларындағы қоқыс алаңшаларына 2022 жылы аудан әкімі аппараты тарапынан 375 жаңа қоқыс контейнер орнатылып, 46 қоқыс алаңшасының орны абаттандырылса, 2023 жылы 127 жаңа қоқыс контейнері орнатылды.