Футболдан 2023 жылғы Қазақстан Республикасының Чемпионы «Ордабасы» клубының ойыншыларын салтанатты марапаттау іс-шарасы өтті. Өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанған команданың ойыншылары мен бапкерлерін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков марапаттап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі.
Қала әкімі бұл жеңіс клубтың ғана емес футбол жанкүйерлерінің, жалпы қала тұрғындарының ортақ жеңісі екенін атап өтті.
— «Ордабасы» кәсіби футбол командасы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Бұл — біздің қаламыз үшін маңызды жеңіс. Сіздерді тарихи жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Осы жеңістің арқасында Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына жолдама алып отырмыз, — деді қала әкімі.
Сонымен қатар, қала басшысы: «Ордабасы» командасының әр ойынында стадионымыз жанкүйерге толды. Бұл — қала тұрғындарының футболға деген қызығушылығы артқандығының белгісі. Осы жеңіске жанкүйерлеріміздің осылай қолдау көрсетуінің арқасында жеткенімізді атап өту қажет», — деп, жанкүйерлерге ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ жергілікті команда екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы кубогының финалына шығып отыр. Қала әкімі «Ордабасы» ойыншыларына УЕФА Чемпиондар лигасындағы кездесулеріне сәттілік тілей отырып, ел намысын қорғап, Шымкент қаласының мәртебесі мен мерейін асыратындарына сенім артты.
«Көрме» орталығында өткен салтанатты кеште жеңімпаз команда ойыншылары мен бапкерлер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттау жиынында Ғ.Сыздықбеков қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес, шаһарда футболға арналған стадион салу көзделгенін атап өтті. Оған арнайы жер де бөлінген.
Айта кетсек, «Ордабасы» 2024 жылы УЕФА чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды.