Біздің кейіпкеріміз – Алтаева Жансая Сеиткасымовна жоғары педагогикалық мекемені қызыл дипломмен бітіріп, еңбек жолын 2012 жылы №37 Фуркат атындағы мектепте география пәнінің мұғалімі болып бастады. №37 мектептің ұжымы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымының құрамына кіреді.
Мұғалімнің негізгі мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілетін, өздік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру.
Еліміздің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш — жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайтын Жансая Сеиткасымовнаның еңбегі ерекше.
Жансая Сеиткасымовна сабақ беретін сыныбында дарынды және үлгерімі төмен оқушылармен арнаулы іс — жоспары бойынша жеке жұмыс жүргізіп, саралап, даралап оқытады.
Сонымен қатар, Жансая Сеиткасымовна — «Географияны оқыту әдістемесі», «География пәнінен олимпиадалық есептер мен тапсырмалар жинағы» атты бірнеше әдістемелік құрал мен авторлық бағдарламалардың иесі.
Қалалық биылғы тамыз кеңесінде «Инновациялық технологияларды қолдану арқылы қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру» тақырыбында баяндама оқып, өз тәжірибесін мұғалімдермен бөлісті.
«Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» тақырыбында шығармашылықпен айналысып, оны үнемі сабақта қолдануда.
Ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға да кәсіподақ мүшесі болып белсене араласады.
Жансая Сеиткасымовна еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, қалалық, республикалық сайыстарға оқушыларын қатыстырып мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз.
Атап айтқанда: Азат Диана мен Ануарбек Сарбиназ оқушылары — «Алтын белгі» иегерлері, география пәнінен ең жоғары балл жинап, қала бойынша ҰБТ жоғары балл иегерлері. Ал, жалпы білім беретін пәндер бойынша Дарын орталығының 7-8 сынып оқушыларына арналған онлайн олимпиаданың 7 «А» сынып оқушысы Ануарбек Нұрмұхамет ІІІ Дәрежелі дипломнын иегері.
Жансая Сеиткасымовна Республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсы қалалық кезеңінің жеңімпазы болып, ІІ дәрежелі Диплом алған. Шымкент қаласының әдістемелік орталығының Мадақтамасымен және Шымкент қаласының Білім басқармасының Алғыс Хатымен марапатталған.
Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандарға көмектесіп отырады. Жансая Сеиткасымовна адамгершілік, сыйластық деген ұғымдарды бірінші орынға қояды. Кейіпкерімізге зор денсаулық және жұмыста одан әрі творчествалық табыс тілейміз!