«Игі істер марафоны» жобасы жалғасып жатыр

Игі істер марафоны

Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін, адамның, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгертіп, табиғат пен адам арасында жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбы­лыс­тары заңдылықтарымен таныс болуы керек. Экологиялық сауатсыздықты жою Үкіметіміздің халық арасында жүргізетін маңызды мәселелеріне айналуы тиіс. Осы мақсатта қолға алынған «Игі істер марафоны» жобасы жалғасып жатыр. Аталған науқанға Шымкент қаласының тұрғындары да ерекше қолдау білдіріп, жұмыстарды белсенді бастап кетті. «Экологиялық апталығы» аясында волонтерлар Нұрсәт аллеясының маңын қоқыстан тазартты. Мұндай науқан аптаның әр сенбі күні тұрақты түрде өтеді.

Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталады деп ойлаймын. Мәселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қор­ғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жас­тарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз., дейді еріктілер.

Жиынға 20-дан астам ерікті жиналған. Өткен аптада шалғай шағын аудандардың маңын тазартып, бұл жолы жастардың серуендейтін орнына айналған локацияны таңдапты. Шаһарда аллея мен сквер көп. Алайда, онда демалатын тұрғындар тазалықты сақтай бермейді. Осылай деп ашынған еріктілер шаһар азаматтарын табиғатты ластамауға шақырды. Жастар саябақта ағаштарды әктеді. Қоқыс жинап, айналаны абаттандырды. Ескерткіштер мен маңызды нысандарды жуып шықты.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халқымыздың қанына жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер сіңгенін атап өтті.

Жоба аясында күнтізбедегі маңызды күндерге, халықаралық  және түрлі әлеуметтік және мәдени тақырыптарға арналған «Жақсылық апталығы» мен жыл сайынғы тақырыптық іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Тақырыптар атауы жыл сайын өзгеріп отырады, бұл әлеуметтік жауапкершіліктің түрлі салаларына қызығушылықты арттыра отырып, өзекті мәселелердің алуан түрлілігі мен кең ауқымын қамтиды. «Игі істер марафонының» осы аптасы экологияға арналады. Жобаға қатысу үшін жасаған игі іс туралы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялап, Qazvolunteer.kz онлайн платформасында тіркеуден өту қажет.

Марафон қорытындысы бойынша, ең белсенді қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Жобаға қатысу үшін толық ақпарат пен нұсқаулықты Qazvolunteer.kz сайтынан алуға болады және әлеуметтік желідегі @kz_nvs және @qazvolunteer.kz парақшаларынан табуға болады.



Be the first to comment on "«Игі істер марафоны» жобасы жалғасып жатыр"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*