Сайрамда  ұлы Абайдың шығармашылық дүниелерін дәріптеді

Абайдың

Қазіргі кезде қазақ елінің, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту мен отансүйгіштікті дәріптеу басты сауал болып отыр. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтарының өз халқының төл тарихы мен төл мәдениетін және де өз халқының тарихи тұлғаларын танып білуге деген қазіргі құштарлығы қатты қуантады. Сананың оянуы да осы болар! Кез келген халықтың жас ұрпағы өз тарихының негізінде тәрбиеленсе, шынайы отансүйгіш солардан шығарын ескерген де абзал.

Әрбір халықтың, әрбір ұлттың өз мәдениеті, тұрмыс тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, тәрбиелеу тәсілі болатынын белгілі. Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихи тағылымы, ой-пікір қорытындылар түйіні бар. Еліміздің ежелден дәріптеп, қастерлеп келген рухани-мәдени мұрасының тегін тектеу, болмысын тану, оның асылын тарихтың рухани көш-керуеніне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын қамдау өскелең өмір талабы болып отыр. Ұлттық тәрбиенің ұлттық құндылықтардан нәр алып мәдениет кеңістігіне жетелейді.

Осы ретте Сайрам аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қазақтың ұлы ақыны, атақты данышпан Абай Құнанбаевтың дүниелерін халыққа насихаттауда өз үлестерін қосты. Қазақ әдебиетінің тұғыры биік тұлғасының 10 тамыздағы мерейтойына арнап, «Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мәні бөлек іс-шара ұйымдастырды.

Мерейлі іс-шара барысында төтеншеліктер алдымен дана ақынның шығармашылығынан сыр шертетін кітаптар көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, соңында мол мұра ретінде сақталған қара сөздері мен жыр жолдарын жатқа оқыды. Анығын айтқанда, бүгінгі жас ұрпаққа халқымыздың мақтанышы — Абайды тереңірек тани білу, түсіне, ұғына білу керектігін жеткізді.

Олар осылайша, әлемге әйгілі классик ақынның құнды қазынасы — қара сөздерін, пәлсапаға толы пайым-пікірлерін, тағылымды ой-толғауларын өзінен кейінгі ұрпақтары күнделікті өмірде қалыпты жағдайда қолдануы қажеттігін түсіндірді. Өйткені, Абайдың рухани-мәдени мол мұрасын көпшілік арасында кеңінен насихаттау – Абай дәстүрінің жалғасқанының айқын дәлелі.