Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік басқармасының басшысы Жанат Өтебаева «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырылуының барысы туралы есеп берді.
Партиялық бағдарламада халықты жұмыспен қамту және ерекше жандарға қолайлы орта қалыптастыру жөнінде14 іс-шара жоспары қолға алынған. Оның ішінде 9-ы жұмыспен қамту, 5 іс-шара ерекше қажеттілігі бар адамдарға жағдай жасау.
Жол картасында биылғы жоспар бойынша 17 мың адам жұмысқа орналасу тиіс болса, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 19 091 адам қатысып, жоспар 112,3 пайызға орындалды.
Осылайша 2 252 адам кәсіби оқытуға, 3 608 адам кәсіпкерлікті дамытуға, 5 798 адам субсидияланатын жұмыс орындарына, 7433 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа жолданды.
5 жылда қалада 45 мың тұрақты жаңа жұмыс орны ашу жоспары бекітілсе, 2024 жылдың еншісінде 9 мың адам жаңа жұмыс орындарына орналасуы тиіс. Бүгінге дейін жоспар артығымен орындалып, 12 283 жұмыс орны ашылған.
Биыл 3 154 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 2 452-і куәлік алды. 428 адамға 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілді.
«Жастар практикасы» бойынша 1 464 жас маман жұмысқа жолданып, 1 143 жас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысып жатыр.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағынан қосымша 50 орындық ғимараттың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
«Кедергісіз келешек» жол картасының негізінде қала бойынша биыл 245 нысанды бейімдеудің іс-шара жоспары жасалды. Бүгінгі күнге 132 әлеуметтік нысан бейімдеуден өтіп inva.gov порталына енгізілді.
Қазір қалада 4-ші «Белсенді ұзақ өмір» орталығын ашу үшін Нұрсәт тұрғын алабы №107 мекен жайда қажетті құрылғылар үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Нұрсәт тұрғын алабы №105 үйде «Бақытты жанұя» орталығының екінші бөлімі ашылады. Бүгінгі таңда, ғимаратқа қажетті материалдық техникалық құралдарды сатып алу мен ғимараттың коммуналдық жүйелеріне қосу жұмыстары заң талабына сай атқарылуда.