Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бизнес-жобасы бар адамға грант беру арқылы шағын кәсіпкерлікті дамытып, ірі кәсіпорындармен әріптестік орнату арқылы қала экономикасының ілгерілеуіне жол ашу. Қала халқының жағдайын жақсартуға, әлеуметтік әлсіз топтардың бизнес-жобаларын жүзеге асыруға, сол арқылы өз-өзін жұмыспен қамтып, жұмыс орындарын құру үшін мемлекеттік грант жақсы мүмкіндік. Десе де, берілген қаржы мақсатты жұмсалмаса — мемлекетке қайтарылатынын да ұмытпаған жөн.
Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру» «Бір ауыл – бір өнім» конкурсының финалистері бойынша арнайы комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына 19 кәсіпкердің жобалары қаралды.
Конкурстың әділеттілігін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрамы жасақталып, өтінімдер «Kezekte.kz» электронды ақпараттық жүйесі арқылы қабылданды.
Комиссия құрамына қалалық мәслихаттың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің, салалық сарапшылардың, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті және Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдерінен құралған.
Сонымен қатар, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында аудио және бейне жазба жүргізіліп, комиссия отырысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және Шымкент қаласы мәслихатының өкілдері арнайы байқаушылар ретінде қатысты.
Конкурста, «Ұлттық нақыштағы жұмсақ ойыншықтармен балаларды таныстыру» жобасы, «Икемді клинкер өндірісі» жобасы, «Тиімді Өріс» атты жобасы және т.б осы сияқты кәсіпкерлер өздерінің ерекше жобаларын комиссия құрамына таныстырып, өз жобаларын қорғады.