Түркістан қаласында «Түркітілдес халықтардың кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ерекше шара өтті. Кештің басты қонағы — көп жылдар бойы кітапхана мен мәдениет саласына елеулі еңбек сіңірген, Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы төсбелгісінің иегері Раушан Нүрпейісқызымен кездесу болды. Шара «Түркістанның ақ сұңқарлы тұмары» атты тақырыпта өткізілді және қала жұртшылығы мен кітапхана оқырмандары үшін маңызды рухани шараға айналды.
Кеш кітапхана оқырмандарының қатысуымен басталып, кештің шымылдығы жас ақын Дәурен Тілеуханның сөзіне жазылған «Түркітілдес халықтардың кітапханасы» атты әуезді әнмен ашылды. Бұл ән кештің атмосферасын әсерлі етіп, жиынға қатысушылардың ықыласына бөленді. Кеш барысында мәдениет саласының өкілдері мен зиялы қауым кітапханашылардың қоғамдағы рөлі мен маңызын атап өтіп, ардагер маман Раушан Сержановаға деген құрметтерін білдірді.
Іс-шараға Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Қазақстанның мәдениет қайраткері, белгілі сазгер Сауранбек Елеуов, Түркістан облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы Райымжан Алибаев қатысты. Олар сөз алып, кітапхана саласына сіңірген еңбегі үшін Раушан Нүрпейісқызына шынайы алғыстарын айтып, кітапханашыларды мерекелерімен құттықтады.
Қала әкімінің атынан Қадырболат Мұсағалиев ардагер кітапханашы Раушан Сержанова мен «Түркітілдес халықтардың кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Мария Жанатқызын Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының арнайы алғыс хатымен марапаттап, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, ол кітапхананың әрбір оқырман үшін маңызды білім көзі екенін және кітаптың жаңа технологиялар заманында да адамның ой-өрісіне оң әсер ететінін атап өтті. Қадырболат Қабдырұлы қатысушы кітапханашыларға шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Кеште Раушан Сержанова кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарға жүрекжарды сөздер айтып, өз еңбек жолы туралы естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, кітапхана тек білім алу ордасы ғана емес, сонымен қатар әрбір адамның мәдениетке деген құштарлығын арттыратын ерекше мекеме. Раушан Нүрпейісқызы өз өмірін осы салаға арнағаны үшін мақтан тұтып, кітапханашы болудың жауапкершілігі жоғары әрі ұлы қызмет екенін атап өтті.
Іс-шара барысында сөз алған мәдениет қайраткері Сауранбек Елеуов, ақын Дәурен Тілеухан және басқа да қатысушылар Раушан Сержанова сынды кәсіби мамандардың кітапхана саласының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Олар Раушан Нүрпейісқызының еңбек жолындағы жетістіктері мен жастарға көрсеткен шеберлігіне тәнті болды.
«Түркістанның ақ сұңқарлы тұмары» атты бұл кеш кітапхана қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөлі мен олардың еңбегін бағалауға, сондай-ақ мәдениет пен білім саласын дамытуға қосылған үлестерін атап өтуге арналған үлкен шара болды. Сонымен қатар, бұл кездесу кітапхана мен мәдениетке деген құрметті нығайтып, жас ұрпаққа рухани азық боларлық құндылықтарды жеткізу жолында маңызды қадам болды.
Қорытындылай келе, Раушан Нүрпейісқызының кітапхана саласына сіңірген еңбегі мен жетістіктері қала тұрғындары үшін үлгі болып, оны жаңа буын да жалғастыратынына сенім білдірілді.