Шымкент қаласында тазалық мәселесі басты назарда тұрғанына қарамастан, соңғы уақытта қоқысты заңсыз тастау деректері жиілеп отыр. Былтыр спутниктік мониторинг арқылы 25 қоқыс үйіндісі анықталса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Әсіресе, жеке тұрғын үйлердің маңында, бос жатқан аумақтарда және қала шетіндегі жерлерде рұқсат етілмеген қоқыс орындары көбейіп, экологиялық ахуалды күрделендіріп отыр.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар қоқысты көбіне түн мезгілінде немесе көзден таса сәтте шығарып тастайды. Соның салдарынан кейбір орындарда қоқыс үйінділері күннен-күнге ұлғайып барады. Мұндай жағдай тек қала келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, санитарлық қауіп төндіреді. Топырақ пен жер асты суларының ластануы адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.
Қала әкімдігі мен қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бұл мәселеге бей-жай қарамай, арнайы рейдтік тексерістер жүргізуде. Жыл басынан бері жүздеген заңсыз қоқыс тастау дерегі тіркеліп, жауапты тұлғаларға айыппұл салынған. Сонымен қатар, аумақты дұрыс тазартпаған кейбір мердігер компаниялардың да үстінен шара қолданылған.
Заңсыз қоқыс үйінділерінің көбеюіне тұрғындардың жауапсыздығы да, мердігер мекемелердің өз міндетін толық орындамауы да себеп болып отыр. Осыған байланысты әкімдік тарапынан бақылау күшейтіліп, мердігерлерге қатаң талап қойылуда.
Алдағы уақытта бейнебақылау камераларын орнату, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын кеңейту және қоқысты заңсыз тастағандарға қатаң шара қолдану жоспарланып отыр.
Қала тұрғыны Әлия Қасымова: «Кейбір көршілеріміз қоқысты уақытылы шығармайды. Салдарынан үй маңы жағымсыз иіс шығарып, жиналып қалады. Егер бейнебақылау орнатылса, тәртіп орнайды деп ойлаймын», – дейді.
Қалалықтардан тұрмыстық қалдықтарды тек белгіленген орындарға тастау талап етіледі. Өйткені тазалық пен тәртіп бар жерде ғана жайлы өмір сүруге қолайлы орта қалыптасатыны анық.