Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевтың бастамасымен Мирас шағын ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, көптен бері тұрғындар күткен спорт алаңшалары салынып, аулалар жарықтандырылып, аяқжолдар төселді.
Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары негізінде қолға алынып, кешенді түрде орындалды. Мирас шағын ауданы – халық тығыз орналасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары аймақтардың бірі. Сол себепті мұндағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – аудан әкімдігінің басты назарындағы бағыттардың бірі болып табылады.
Спорт алаңшалары балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді. Заманауи үлгіде жабдықталған бұл нысандарда футбол, волейбол және түрлі жаттығулар жасауға арналған аймақтар бар. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарына сай бейнебақылау камералары мен жарық шамдары орнатылды.
Жарықтандыру жүйесін жаңарту да тұрғындардың ұзақ уақыт бойы көтеріп жүрген мәселесі еді. Қазіргі таңда Мирас шағын ауданындағы негізгі көшелер мен аулаларға 100-ге жуық жаңа шам орнатылып, түнгі уақыттағы қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай жақсарды. Ал жаңадан салынған аяқжолдар тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетіп, аудан келбетіне сән берді.
Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев бұл жұмыстардың барлығы халықпен тікелей кері байланыс негізінде атқарылып жатқанын атап өтті.
– Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын ескере отырып, әрбір шағын ауданда жүйелі түрде абаттандыру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Басты мақсатымыз – адамдардың тұрмыс сапасын жақсартып, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, – деді аудан басшысы.
Бүгінде Қаратау ауданында бірнеше шағын аудандарда осындай жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта да спорт және балалар алаңшаларын көбейту, көше жарығын толық жаңарту, инженерлік желілерді дамыту бағытында жұмыстар жалғасатын болады.
