Шымкент қаласының аумағында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы барысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында иіс газынан уланудың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, профилактикалық іс-шаралар барлық аудан көлемінде тұрақты бақылауда.
Жоспарлы жұмыс Еңбекші ауданының аумағында да белсенді түрде жүргізілуде. Аудан тұрғындарына газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндіріліп, қажетті нұсқаулықтар мен жадынамалар таратылып жатыр. Жыл басынан бері ауданда 76 кездесу мен жиналыс өткізіліп, тұрмыстық газ жабдықтарына сервистік қызмет көрсететін ұйымдармен келісімшарт жасау тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, аудан әкімінің аппараты, аудандық төтенше жағдайлар басқармасы, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, сондай-ақ газ инспекциясының мамандары бірігіп, «Газ құрылғыларын пайдалану, тексеріп отыру және улы газдан уланудың алдын алу» тақырыбында кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Мақсат – тұрғындардың газ аспаптарын дұрыс пайдалану дағдысын қалыптастыру, қауіпті жағдайлардың алдын алу және тұрмыста туындайтын тәуекелдерді азайту.
Үгіт-насихат жұмысы барысында мамандар әрбір үйге кіріп, газ плиталары мен жылыту қазандарының техникалық жағдайын тексеріп, ақауларды дер кезінде жөндеу керектігін ескертуде. Сонымен бірге, өрт қауіпсіздігі талаптары, үй-жайларды табиғи желдету ережелері, түтін тартқыш құрылғылардың жұмыс қабілеті және көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктерді пайдалану жөнінде ақпарат берілуде.
Қауіпсіздік шараларының маңыздылығын арттыру мақсатында аудан аумағында арнайы рейдтік шаралар да ұйымдастырылуда. Рейд барысында мамандар заңсыз орнатылған газ қондырғыларын анықтап, оларды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру жөнінде нұсқама береді. Белгіленген нормаларға бағынбаған азаматтарға ескерту жасалып, қажет болған жағдайда әкімшілік шара қолданылатыны түсіндіріледі.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, алдағы уақытта да газбен жабдықталған үйлерді аралау, түсіндіру жұмыстарын күшейту және қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында қосымша жоспарлар жүзеге асырылмақ. Қала тұрғындарына өз денсаулығы мен отбасының қауіпсіздігі үшін газ құралдарын тек мамандандырылған ұйымдар арқылы орнатып, уақтылы техникалық қызмет көрсетіп отыру қажеттігі ескертіледі.
