Ынтымақ пен бірлік – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Халқымыз ежелден «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп татулық пен ауызбіршілікті жоғары бағалаған. Ынтымағы жарасқан елдің іргесі әрқашан берік болып, болашағы баянды болады.
Қазақстан – көпұлтты, көпмәдениетті мемлекет. Бүгінде елімізде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – елдегі тұрақтылық пен өзара сыйластықтың айқын көрінісі. Әр ұлттың тіліне, дәстүріне, мәдениетіне құрметпен қарау – қоғамдағы бейбітшіліктің негізі.
Тәуелсіз еліміздің дамуына бірлік пен келісімнің қосқан үлесі зор. Қоғамда татулық орнаған жерде еңбек те өнімді, тіршілік те берекелі болады. Сондықтан ел бірлігін сақтау – әр азаматтың қасиетті борышы. Әсіресе жастар бейбітшілік пен достықтың қадірін түсініп, ел мүддесіне қызмет етуі қажет.
Қазіргі таңда мемлекетіміз халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Түрлі мәдени шаралар, қоғамдық бастамалар мен ұйымдар ел ішіндегі татулықты арттыруға ықпал етуде. Мұның барлығы Қазақстанның әлем алдындағы беделін көтеріп, тұрақты дамуына жол ашуда. Солардың бірі Түркістан облысында Сайрам ауданы – бүгінде татулық пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп отырған өңірлердің бірі. Мұнда түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мақсат жолында еңбек етуде.
Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық мәдениет үйінде «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының бастамасымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Ынтымағы жарасқан елдің іргесі берік» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-інің этносаралық қатынастар саласындағы мониторинг және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Исақов Хамит, «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай, Түркістан облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Шамуратов Бахтияр, мәслихат депутаттары Сиддиқов Мухиддин, Алимжанов Бекжан, Д.Қонаев атындағы агротехникалық колледждің директоры Айкөзов Сейдуалы және ауылдық көше комитеті төрағалары қатысты.
Базарбай Айтбаев өз сөзінде: Біздің басты байлығымыз қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық. Елдің іргесінің берік болуының бірден-бірі кепілі – халқының ауызбіршілігі мен татулығына, мақсат ортақтастығы мен мұрат бірлігіне байланысты. Бұл ретте біздің мақсатымыз – айқын деп, ауыл жанашырларымен кері байланыс орнатып жүйелі жұмыс ұйымдастыруға шақырды.
Кездесу барысында сөз алған Бахтияр Шамуратов: Халқымыз қай заманда болмасын отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен баланы есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азамат етіп тәрбиелеуде қоғам белсенділері игі бастамаларды қолдайтынын білдірді.
Қорытындылай келе, ынтымақ пен бірлік – елдігіміздің мызғымас тірегі. Халықтың ауызбіршілігі сақталған жерде береке де, даму да болады. Сондықтан татулықты ту етіп, бірлікті нығайту – баршамызға ортақ міндет.
