Қазіргі қоғамда дін адамдардың рухани өмірінде маңызды орын алады. Дін адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, адамдарды ізгілікке, татулыққа және өзара құрметке тәрбиелейді. Сондықтан дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Елімізде әртүрлі діни бірлестіктер мен конфессиялар өз қызметін заң аясында жүзеге асырады. Осындай алуан түрлі ортада қоғамдық келісім мен конфессияаралық татулықты сақтау ерекше маңызға ие. Дін саласындағы тұрақтылық қоғамдағы бейбітшілік пен бірліктің негізі болып табылады.
Діни тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі – азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығын сақтау. Әрбір адам өз дінін таңдау немесе ешқандай дінді ұстанбау құқығына ие. Мемлекет барлық азаматтардың құқықтарын тең дәрежеде қорғап, заңның үстемдігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу маңызды бағыттардың бірі саналады. Радикалды идеялар қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіріп, адамдар арасында алауыздық туғызуы мүмкін. Сондықтан жастардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу ерекше рөл атқарады.
Дін саласындағы тұрақтылықты нығайтуда білім беру ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, діни бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың өзара ынтымақтастығы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың діни білімін арттыруға, қоғамда толеранттылық пен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы ретте Арыс қаласы көлемінде дін мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндірме топ мүшелерінің қатысуымен Байырқұм елді мекенінің тұрғындары арасында «Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету» тақырыбында жиын өтті.
Кездесудің мақсаты халық арасында дәстүрлі дінімізді таныту, қоғамдық орындарда бет-жүзді жабатын киімге тыйым салуға қатысты заң нормасын түсіндіру, ақпараттық түсіндірме арқылы әлеуметтік желілердің қауіптілігі мен зиян туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Шара барысында тақырыпқа байланысты сұрақтар төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынып, тұщымды жауаптар берілді.
Дін саласындағы тұрақтылық – елдің қауіпсіздігі мен қоғамдық келісімінің маңызды кепілі. Діни сенім бостандығын құрметтеу, конфессияаралық татулықты сақтау және діни сауаттылықты арттыру арқылы ғана қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға болады.
