Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымы дамып келеді. «Тұран» шағынауданындағы жаңадан пайдалануға берілген №79 жалпы орта мектебінің мерекеге арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» атты салтанатты жиынында қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Барша ұстаздар мен шәкірттерді Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған қала басшысы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған бірінші сыныптың бүлдіршіндеріне сәттілік тілеп, оларға әліппе табыстады.«Биылғы жаңа оқу жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында басталғалы отыр. Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге жетті. Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 233 мыңнан аса оқушы оқитын 203 мектеп бар. Биылғы оқу жылын қала мектептері 233 879 оқушымен бастағалы отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 8 мың оқушыға көп. Оның ішінде 25 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады», — деді қала әкімі өз құттықтау сөзінде.Қала әкімі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер бейне бақылау жүйесімен жабдықталып, турникеттер қойылып, дабыл батырмалары орнатылғанын, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келетінін айтты. Сонымен бірге, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 263 кабинет, 178 интерактивті тақта орнату жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 32,5%-дан 65%-ға жетті. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.Қала әкімінің қатысуымен ашылған мектепте 897 оқушы білім алатын болады. Шаһар басшысы ауыл қарияларымен бірге жаңа мектепті аралап, ондағы спорт зал, Абай сыныбы, шахмат, еңбек, тігін шерберханалары мен асхананы аралап көрді. Құрылыстың сапасы мен дизайнына мән берген Мұрат Әйтенов мұндағы жұмыстарға оң бағасын берді. Мектеп директорына санитарлық шаралардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын 1200 орындық оқу орны 3 қабаттан тұрады. Екі ауысымда жұмыс жүргізетін мектепте 44 оқу бөлмелері қарастырылған. Бұдан басқа жаңа үлгідегі 8 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 3 информатика кабинеті, ол 85 дана компьютер және 3 интерактивті тақтамен жабдықталған. Сондай-ақ, 4 шеберхана бөлмесі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт зал мен балалардың денсаулығын қадағалайтын екі медпункт қарастырылған.Айта кетейік, пандемияға байланысты білім табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ғана мектеп ауласында алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өтті. Қалған сынып оқушыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып, сынып сағаты ұйымдастырылды.