Бүгін, 25 қазанда Маңғыстау облысының әкімдігі мен халықаралық мұнай-газ машинасын жасау орталығы арасында Маңғыстау облысында мұнайгаз машинасын жасауды дамыту туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мұнайгаз машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық — Қазақстандағы үш ірі мұнай-газ операторының («Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (КПО), «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК)) — қауымдастығы болып табылады. IMB орталығы –мұнайгаз машина жасау саласына қажетті отандық тауарларын өндіруді дамыту мақсатында құрылды.
Орталық басшысы Марат Кәрімов облыстағы мұнайгаз машина жасау жобаларына қолдау көрсетуге, машина жасау саласын инвестициялауға және бірлескен кәсіпорындар құруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екеніндіктерін жеткізді.
Меморандумға қол қою барысында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
— Маңғыстау облысының әкімдігі жаңа жұмыс орындарын ашуға және адами капиталды дамытуға мүдделі. Сонымен қатар, мұнайгаз өндіруші компаниялардың жұмыс істеуін, Президенттің тапсырмасы бойынша жаңа кен орындарын игеруге жаңа технологиялар мен материалдар өндірісін пайдалануды көздейді. Орталықтың алдында тұрған басты міндет — жергілікті құрал-жабдықтардың санын ұлғайту, Маңғыстау облысында мұнай-газ саласы үшін жабдықтар шығару. Ал, біздің ортақ мақсатымыз – мұнайгаз машинасын құрастыру мен кәсіпкерлікті дамыту, — деді Нұрлан Ноғаев.
Кездесу қорытындысы бойынша орталық өкілдері жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгіледі.