Бүгін арыстықтар үшін жағымды жаңалық. Қала орталығынан еліміздегі ең ірі сауда маркасының бірі — «SULPAK» сауда желісі ашылды. Нарықта электроника және тұрмыстық техника сатуда 28 жылдан бері көш бастап келе жатқан танымал «SULPAK» сауда орталығының ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев және қала тұрғындары қатысты. Су жаңа сауда орталығының лентасын қиған қала басшысы Гүлжан Мамытқызы осындай ірі брендтің қаламызда пайда болуы үлкен қуаныш екенін атап өтті. «Қаламызда шағын және орта санатты кәсіпкерлік қызметке қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жалғасуда. Соның айғағы, мінекей, біздің Арыста «SULPAK» сауда желісі ашылып отыр. Бұдан былай осы сауда орталығында қала тұрғындары үшін күнделікті тұрмысқа қажетті 10 мыңнан аса тауар түрі қолжетімді бағамен ұсынылады. Сауда орталығына 170 миллион теңге шамасында инвестиция тартылды. Бұл Арыс қаласының экономикалық әлеуетінің артуына қосылған қомақты үлес» — деді ол. Айта кетейік, қала орталығынан ашылған «SULPAK» сауда желісінің жалпы аумағы 1 200 шаршы метрді құрайды және кәсіпкерлік нысан 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі