Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылында Қазақстан Республикасы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Егемендігіміздің басты жетістігі, еліміздің ертеңі жастар. Осындай жалынды жастардың бірі Дәурен Абдірұлы Усипбеков. Дәурен Абдірұлы жастар ел болашағы екендігінің жарқын дәлелі. Лауазымдық міндеттеріне бекітілген өрт сөндіру автокөлігінің дайындығын, техникалық қызмет көрсету кестесіне сәйкес ұқыпты жүргізіп, қарауыл қызметін өткеру кезінде қарауыл жеке құрамының міндеттерін орындап, өрт сөндіру автокөлігін жүргізуге, өрттер және басқа да төтенше жағдайлармен байланысты авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындықты қамтамасыз етеді. Алдына қойылған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін салады. Қиын жағдайларда түрлі кедергілерден өту жүргізушінің тек өз міндетіне деген жоғары жауапкершілікті ғана емес, жақсы денсаулықты, төзімділікті, батырлықты, тез әрекет етуді талап етеді. Бұл қасиеттердің барлығы бойынан табылатын Дәурен-тәуелсіздіктің құрдасы. Шымкент қаласында 1991 жылы 24 шілдеде дүниеге келген ол жастайынан спортты жанына жақын тұтып, мектепте оқып жүрген кезден-ақ теңбіл допты өзіне серік етеді. Талпынысы жоғары, белсенділігімен бел асуға әрдайым дайын болған Дәурен жүлделері де аз болмады. 2005 жылы Шымкент қаласында футболдан білім беру клубтарының арасында өткен жарыста Дәурен мүше болған «Томирис» командасы бірінші орынды иеленсе, 2006 жылы жастар арасында өткізілген Қазақстан біріншілігінде 2- орынды алды. Сол аталған жарыста ол үздік шабуылшы номинациясына ие болды. 2009 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде клуб аралық футбол командаларының арасында Дәурен бастаған команда 2- орынды иеленді. 2014 жылы өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасқанда да өз белсенділігімен алдыңғы шепте бола білді. Қазыргі таңда №4 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автомобилдерінің жүргізуші лауазымында қызмет атқарады. Бұл қызметте мықтылық пен ептіліктің маңызы зор екендігін жақсы білетін жас маман спортты тастаған емес. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша құқық қорғау органдарының арасында өткен шағын футболдан жарыста ТЖД футбол командасы 2-орынға ие болды. Әрине бұл жеңісте Дәурен сүбелі үлес қосты. 2019 жылы Шымкент қаласы бойынша құқық қорғау органдарының арасында өткен шағын футболдан жарыста ТЖД футбол командасы 2-орынға ие болды. Дәурен Абдірұлы осы жарыста 2-дәрежелі спорт шебері номинациясын иеленді. Тек спортта ғана емес өртті сөндіру және адамдарды құтқаруда да алдына жан салмайтын жас маман болашағынан көп үміт күттіреді. Міне осындай салауатты өмір салтын ұстанған, өжетті жастар – біздің Егеменді еліміздің жарқын болашағы болатынына сенімдімін!
К. Арсланов Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі