Аталған мәселе Шымкент қаласы кәсіпкерлерімен өткен жиын барысында кеңінен талқыланды.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының, «Nur Otan», «Ауыл» партияларының, кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен аталған саладағы кәсіпкерлер қатысты.
Басты мақсат – ауыл шаруашылығын субсидиялау тәсілдерімен бизнес өкілдерін кеңінен таныстыру.
Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау мәселесі мен аталған саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары, субсидиялар алу тәсілдері және басқа да тақырыптар талқыланды.
Департамент өкілі Ж.Қамбар Агенттікпен ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кешенді талдау жүргізілгендігін атап өтті. Оның айтуынша, аталған талдау нәтижесінде субсидиялаудың ақпараттық жүйелерінің жетілмегендігі, ауыл шаруашылығы тауарын өндіршілерінің субсидиялар алу түрлері мен тәртібін білмеуі, субсидияларды нысаналы мақсаты бойынша пайдалануды бақылаудың, жауапкершіліктің, мониторингтің пәрменді жүйесінің болмауы және тағы да басқа анықталған кемшіліктерден хабардар етті.
Шымкентте ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялау 2,3 млрд.теңгені құраған.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы қызметкерлерінің айтуынша тауар өндірушілерге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға қайтарымсыз қаражат алуға өтінімді Subsidy.plem.kz, сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне өтеусіз және қайтарымсыз негізде қаржыландыруға бағытталған өтінімдер беруге арналған Subsidies.qoldau.kz автоматтандырылған жүйелері арқылы өтінімдер беріп, ақпараттар алуға болады.
Өз кезегінде партия мүшелері мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты пікірлерімен бөлісті.
Сондай-ақ, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін өзекті проблемалық мәселелер талқыланып, бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Кездесуде сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез келген азамат Агенттіктің 1424 нөмірі бойынша CaII-орталыққа немесе Департаментке хабарласа алатындығы жеткізілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының 8(7252) 24-75-40, 24-75-34, 24-74-08 телефон нөмірлері арқылы субсидия бойынша ақпаратты алуға болатындығы хабарланды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті