«AMANAT» партиясының хатшысы Шымкенттегі әлеуметтік оңалту орталықтарында болды

«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова Шымкентке іс-сапары барысында бірқатар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын аралады. Партияның хатшысы алдымен «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, қызмет алушылардың жағдайымен танысты. Оңалту орталығының ұжымымен сөйлесіп, әлеуметтік саладағы жұмыс барысын жетілдіру бойынша ұсыныстарын тыңдады.

Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, және құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі. Қазір мұнда 116 бала ем қабылдауда. Олардың басым бөлігі қол арбасына таңылған. Дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлері орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейінгі уақытта түрлі емдік оңалту шараларын көрсетеді. Ғимарат сондай-ақ ЛФК, монтесори кабинеті, тұз шахтасы және толығымен бейнебақылау камераларымен қамтылған. Балалардың ерекшелігіне сәйкес арнайы спорт алаңшасы да бар. Сапар барысында партия хатшысына ерекше балалардың өздері дайындаған қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды.

Шолпан Каринова мұнан соң Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» қызметімен танысты. Дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық — зомбылық көрген және адам саудасының құрбаны болған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жыл басынан бері мұнда 300-ге жуық адам пана тапқан. Жатын орынмен қамтылғандардың 78-і ана мен 200-ден астамы бала.

Орталықта қызмет алушыларға психологиялық және әлеуметтік еңбек, құқықтық көмектер сынды 8 түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мамандардың сүйемелдеуімен қысқа мерзімдік оқу курсын оқып, әрі қарай жұмыс істеулеріне де мүмкіндіктер қарастырылған. Нәтижесінде 11 ана тұрақты жұмысқа орналастырылып, 9 әйел қысқа мерзімдік курсын оқыды.