Дін – адам өміріндегі маңызды рухани құндылықтардың бірі. Ол адамдарды адамгершілікке, мейірімділікке, сабырлылыққа және өзара құрметке тәрбиелейді. Алайда діни білімнің жеткіліксіздігі кейбір адамдардың деструктивті және тыйым салынған діни ағымдардың ықпалына түсуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан діни сауаттылықты арттыру – қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі.
Діни сауаттылық – адамның дін туралы сенімді әрі дұрыс ақпаратты білуі, дәстүрлі діни құндылықтарды түсінуі және күмәнді ақпаратты ажырата алуы. Әсіресе жастардың діни сауатын арттыру ерекше маңызды. Себебі олар әлеуметтік желілер мен интернет арқылы таралатын жалған діни ақпараттың ықпалына жиі ұшырауы мүмкін.
Деструктивті және тыйым салынған діни ағымдар адамдарды қоғамнан оқшаулауға, отбасы құндылықтарын әлсіретуге, заң талаптарын елемеуге және алауыздық туғызуға итермелеуі ықтимал. Мұндай ағымдардың ықпалы қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікке қауіп төндіреді. Сондықтан кез келген діни ақпаратты ресми және сенімді дереккөздер арқылы тексеріп, қажет болған жағдайда білікті мамандардан кеңес алған дұрыс.
Діни сауаттылықты арттыруда отбасының, білім беру ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамның рөлі зор. Жастарға ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, сыни ойлау қабілетін дамыту және заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу олардың түрлі теріс идеологиялардың ықпалынан сақтануына көмектеседі.
Осы тұста Төлеби ауданындағы «Нұр» мешітінде «Елімізде тыйым салынған діни ағымдар» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жамағаттың діни сауаттылығын арттыру, деструктивті және тыйым салынған діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, сондай-ақ жастарды радикалды идеологиялардың ықпалынан сақтандыру.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог мамандары Молдабек Қалжан мен Гүлдариға Бекжан қатысып, елімізде қызметіне тыйым салынған діни ұйымдардың ерекшеліктері, олардың идеологиялық ұстанымдары мен қоғамға төндіретін қауіптері жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Діни сауаттылық – әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен қоғамның тұрақтылығына ықпал ететін маңызды фактор. Дұрыс діни білім мен жауапкершілік, өзара құрмет пен заңға бағыну еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қызмет етеді.
Сонымен қатар, шара барысында дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтардың маңызы айтылып, тұрғындар діни ақпаратты тек ресми әрі сенімді дереккөздерден алуға шақырылды.
