Жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың көлік жолдарына қатысты 2484 тексеру жұмыстары жүргізіліп, 20 мың шақырымнан астам жол тексерумен қамтылды.
Тексеру барысында облыстың көлік жолдарында 14849 ақау анықталды. Сондай-ақ тексеру нәтижелері бойынша жол мекемелерінің басшыларына орындауға 2484 нұсқама берілді. Көлік жолдарын күтіп ұстаудағы кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға мыңнан астам ақпарат жіберілді.
Автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 343 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
— ҚР ӘҚБтК 631-бабының 1-бөлігі бойынша жолдарда жұмыстарды жүргізу, автомобиль жолдарын, теміржол өткелдерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 230 лауазымды тұлға, сондай-ақ 20 жауапты тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 2-бөлігі бойынша дәл осындай, алайда жол-көлік оқиғасына әкеп соққан іс-әрекеті үшін жауапқа тартылды, — деп атап кетті Жамбыл облысының ПД ӘПБ бастығы полиция полковнигі Жайдарбек Құттыбаев.
Сонымен қатар, 70 лауазымды тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабы 1-бөлігі бойынша жолдарды, теміржол өткелдерін және басқа да құрылыстарды немесе жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын бүлдіргені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Ал жол-техникалық инспекция қызметкерлері берген нұсқамаларды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша ауданның көлік жолдарын күтіп ұстауға жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде Тараз қаласы және Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары, Шу қалалық әкімдігінің басшысы бар.