Этносаралық келісімді нығайтудағы медиацияның рөлі

Этносаралық келісімді нығайтудағы медиацияның рөлі

Этносаралық келісім – көпұлтты қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты негіздерінің бірі. Әртүрлі ұлттар мен этностардың бейбіт өмір сүруі, өзара сыйластық пен түсіністік орнатуы ел ішіндегі татулықты қамтамасыз етеді. Сондықтан этносаралық келісімді нығайту және татуластыру жұмыстары әрдайым өзекті болып қала береді.

Қазақстан – сан түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп жатқан мемлекет. Бұл жетістік мемлекет жүргізіп отырған бейбітшілік пен келісім саясатының нәтижесі. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік әр азаматтың өзара құрметі мен жауапкершілігіне негізделеді.

Этносаралық келісімді нығайтуда қоғамдық институттардың, әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясы-ның рөлі ерекше. Бұл ұйым түрлі этностар арасындағы диалогты дамытып, мәдениетаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар медиация, қоғамдық кеңестер және Ақсақалдар институты да татулықты сақтауда маңызды қызмет атқарады.

Татуластыру жұмыстарының негізгі мақсаты – қоғамдағы кез келген келіспеушілікті бейбіт жолмен шешу, өзара түсіністікке қол жеткізу және шиеленістердің алдын алу. Бұл бағытта медиация тетіктерін дамыту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру маңызды.

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің ІІ тоқсандық отырысы өткізілді.

Жиынды Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев жүргізіп, кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылып, пысықталып, бекітілді.

Отырыс барысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Көпжасарұлы Баетов, кәсіби медиатор Батырхан Сансызбаев және қоғамдық медиатор Бақытжан Шәкірұлы Әшірбаев баяндама жасап, медиация институтын дамыту, этносаралық келісімді нығайту және татуластыру рәсімдерінің тиімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды.Сондай-ақ, «Ынтымақ» этномәдени бірлестігінің төрағасы Гүлмира Мұратқызы Наурызбаева қатысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.

Бүгінде Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің құрамында 19 мүше бар. Облыс көлемінде 70 Медиация кеңесі жұмыс істейді.

Жалпы кәсіби және қоғамдық медиаторлардың саны – 103. Сонымен қатар, Түркістан облыстық ҚХА жанында 4 Медиация орталығы жұмыс атқарады.

2026 жылдың басынан бері этнос өкілдерінің қатысуымен 20 құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, оның 14-і медиация тәртібімен оң шешімін тапқан. Жыл басынан бері медиация және қоғамдық келісім бағытында 60 іс-шара өткізіліп, оған 2600-ге жуық тұрғын қатысты.

Медиация – қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайтудың тиімді құралы. Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесі алдағы уақытта да қоғамдық келісімді сақтау мен дауларды бейбіт жолмен шешу бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.