«Жол қауіпсіздігі» тақырыбында тікелей эфир ұйымдастырылды

«Жолдағы қауіпсіздік басты орында!» бүгін осы тақырыпта Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен тікелей эфирде сүбелі сұқбат жүргізілді. Іс-шара тізгінін Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова алды. Спикер ретінде Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бегімхан Ахметов пен Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Данабек Мырзабеков қатысты.

Сұқбат барысында Түркістан облысы полицейлерімен атқарылып жатқан жұмыс нәтижесі баяндалып, профилактикалық әңгіме өрбіді. Жалпы Түркістан облысы аумағындағы республикалық, облыстық маңызы бар және жергілікті автожолдарында, облыс орталығы мен елді мекендердің көшелерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жұмыстар ұдайы түрде жүргізіліп келеді.

Атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралардың нәтижесінде, 2022 жылдың 6 айында жол-көлік оқиғаларының саны 4,7%-ға, қаза болғандар 3,1%-ға төмендеген болса, жарақат алғандардың саны 1,4%-ға өскен. Алғашқы сөзді алған Б.Ахметов: «Түркістан облысы жолдарында жол қозғалысын реттеу шаралары полицейлердің күн тәртібінен түскен емес. Заманауи техникалық құралдар, бейнебақылау камераларымен жабдықтау жұмыстары жолға қойылды.

Мұның өзі жүгенсіз жүргізушілерді анықтауда тәртіп сақшыларына таптырмас көмекші болуда. Сондай-ақ «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар!» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жұмыстар жасалуда. Өздеріңізге белгілі, бізде жол-көлік оқиғаларына және оның ауырлығына тікелей әсер ететін 7 басым бағыт бар, олар бойынша жыл басынан бері 49 000 астам құқық бұзушылықтар анықталды.

Сонымен қатар кей жағдайларда қараусыз жүрген үй жануарлары да жол апатының себепшісі болып жатады. Мысалы 2022 жылдың 6 айында облыс жолдарында тұрғындардың бос жіберген малдарының салдарынан 23 адам жарақат алып, 6 адам қаза болған. 3635 мал иелері Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды»-деп атап өтті.

Ал жол-техникалық инспекциясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Д.Мырзабеков: «2022 жылдың І, ІІ-тоқсанында Түркістан облысы Полиция департаменті мен автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалдау бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе көшелерде тексеріс-зерделеу жұмыстарын жүргізуде.

Мәселен осындай жұмыстардың нәтижесінде, Түркістан қаласында жол инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстар дайындалып, жазбаша ұйғарымдармен орындау үшін жергілікті әкімдікке жолданды. Оның ішінде қосымша 7 бағдаршам нысанын орнату қажеттілігі анықталып, ұсыныс берілген. Қалаішілік орталық көшелерге 100 дана аялдама павильонын орнату жоспарланып, осы аялдамалардың эскиз жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

796 дана жол белгілерін орнату жоспарланып, 2022 жылдың 5 айында, полиция тарапынан берілген нұсқамаға сәйкес, 565 дана жол белгілерін ауыстыру, жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2022 жылдың ерте көктемінде Түркістан қаласындағы 34 мектептің 32-сі алдындағы жүргіншілер өткелдері қайта сызылып жаңартылды.

Теміржол вокзалы әуежай маңындағы жүргіншілер өткелі де қайта сызылды. Түркістан қаласының 9 орталық көшелеріндегі шаң басып көрінуі нашарлаған жол таңбалары, арнайы техникаларды жұмылдыра отырып, шаң тозаңнан тазартылып сүртілді»-деп атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Осылайша сұқбат барысында облыс көлемінде атқарылып жатқан тындырымды тірліктер айтылды.

Өз кезегінде желі қолданушылары да жазбаша түрде 50-ден астам сауалдарын жолдап, көкейтесті сұрақтарына жауап алды. Полиция мен халық арасындағы кері байланысты нығайтып, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өткізілген бұл шара алдағы уақытта да түрлі тақырыптарда жалғасын табатын болады.

ТО ПД баспасөз қызметі